Енді Сауда министрлігі 10 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауардың бағасын еркіндікке жібереді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Неге бағаны қолдан реттемеу керек?
Мемлекеттік реттеудің тиімділігі төмен – бұл тауарлар көбіне есепке алынбайтын және бақылау жүргізілмейтін базарлар арқылы сатылады. Екіншіден, нарықтық экономикаға ұмтылыс – бағаны жасанды түрде шектеу агробизнестің дамуына кедергі келтіреді. Бағаны бақылаудың жаңа механизмі – мемлекеттік реттеу жойылғаннан кейін сауда үстемесіне 15% шектеу енгізіледі.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баға бақылауы күшейтілетінін мәлімдеді:
- Егер сауда үстемесі 15%-дан асса, қатаң санкциялар қолданылмақ;
- Әлеуметтік маңызы бар тауарларға қойылған шекті бағалар 2026 жылы толық жойылады.
Бірқатар тауардың бағасы еркіндікке жіберіліп жатқанда, Атырау облысында картоп сату керісінше шектелді – енді бір адамға 3 келіден артық берілмейді.
Неге картоп сатуға шектеу қойылды?
Кейбір сатып алушылар картопты қап-қаптап алып, қайта сату үшін жинап отырған. Тұрақтандыру қорының (стабфонд) қоры азайып барады – қазір тек 200 тонна ғана қалды, ол сәуірге дейін ғана жетеді. Шектеу халық арасында наразылық тудырғанымен, билік жақын арада аймаққа қосымша 680 тонна картоп жеткізілетінін хабарлады.
Көкөніс тапшы ма?
Қазақстанда 2024 жылы 2,7 млн тонна картоп өндірілді, бірақ оның 1 млн тоннасы фитофтороз кеселі салдарынан жарамсыз болып шықты. 600 мың тоннасы Өзбекстанға экспортталды. Елдегі ішкі тұтыну – 1,5 млн тонна, алайда қоймада тек 1 млн тонна ғана қалған.
Өткен жылы елде пияз тапшылығы болса, биыл картоппен проблема туындап отыр. Сауда министрлігі мұның басты себебі – ауыл шаруашылығын жоспарлау жүйесінің әлсіздігі мен экспортты бақылаудың нашарлығы деп санайды.