$495.95 €535.28 ₽5.54
×

Ақау шыққан жаңа көлікті жөндету жүйкені жұқартады

06.03.2025ж. 20:00
62
Ақау шыққан жаңа көлікті жөндету жүйкені жұқартады

Автосалоннан жаңа көлік алғандар жапа шегіп жатыр. Жиырма жыл жүрілген темір тұлпарға қарағанда кепілдігі бар, жөндеуі жеңіл болады деп сенген. Бірақ жөндеуі жарты жылға созылатын кездер бар. Тұтынушылардың құқығы неге бұзылуы керек? Жаяу жүрген мерзіміне өтемақы төлене ме? Еркелді Тілеуқұл жауап іздеді.

Мақсат Ерсейіт бір жыл бұрын автосалоннан темір тұлпар сатып алды. Қосымша кепілдікке де қыруар қаржы жұмсады. Жүз мың шақырым жүргенге дейін салон көлікті жөндеуге міндетті. Дилерлер қызмет көрсету орталығына автомобильді кіргізгенімен, қашан жөнделетінін айтпаған.

МАҚСАТ ЕРСЕЙІТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мотордың чегі жанып қалды. Содан кейін мен қызмет көрсету орталығына бардым. Жүргеніне 43685 шақырым болды. Әлі жаңа десем де болады. Алған кезде кепілдігімен алынған. Мен түсінбей қалдым. Кепілдік алғаннан кейін көлікті қандай жағдай болмасын жөндеп беруге тиіс қой. Ал ол болса, менен ақша талап етіп отыр. Қазір көлік те жоқ, жөндеу де жоқ.


Көп жағдайда автосалондар ақауды жылдам жөндеп бермей жүріп алады. Қызмет көрсету сапасына да көңілі толмайтындар көп.

БЛИЦ:

- Қосымша бөлшектерді өзім сатып алып, барлық жөндеуді өз қолыммен жасадым. Олардан бәрібір пайда жоқ.

- Енді аздаған ақаулар болды. Қазір проблема жоқ.

- Енді көлік жап-жаңа, кепілдік берген. Барсам болды, жөндеп береді. Қазір, міне төртінші рет барайын деп жатырмын.


Тәуелсіз автомобиль одағы ұйымының төрағасы Эдуард Эдоков болса, бұндай жағдайлар жиі кездесетінін айтуда. Сарапшы, бірінші кезекте, құжаттарға мұқият болу керектігін ескертті. Себебі, елімізде әр дилер кепілдік бойынша жөндеу мерзімін өзі белгілейді. Бірақ, оның өзін кешіктіріп, әуре-сарсаңға түсіреді. Ондай жағдайда бірден заңгерге жүгіну керек. Оның өзіне көнбесе, бірден сотқа шағым түсірген жөн, - дейді маман.

ЭДУАРД ЭДОКОВ, ТӘУЕЛСІЗ АВТОМОБИЛЬ ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Көп жағдайда адамдар өзінің күш-қуатын, назарын бұндай істерге жұмсағысы келмей жатады. Жүйкесін шығындағысы келмейді. Көлік салондарымен жанжалдасу оңай емес, әрине. Өзіміз жөндей салғанымыз тыныш, - деп жатады. Дегенмен, менің жеке берер кеңесім: Соңына дейін бару керек. Себебі, кәсіпкерлер тұтынушыны құрметтеу керек. Олар өздігінен илана қоймайды. Заңды түрде талап етуіміз керек. Көп жағдайда соттың тұтынушы құқығын қорғамасқа лажы болмайды.


Жалпы, әлемдік тәжірибеге зер салсақ, Батыс елдерінде қызмет көрсету орталығында жаңа көлікті жөндеу мерзімі соншалықты көп емес. Мәселен, АҚШ-та жаңа көлікте ақау пайда болған жағдайда екі апта ішінде қалпына келтіреді. Ұлыбритания мен Еуропалық Одақ 15 күн деп шекті мерзімді белгілеген. Ресейде 45 күн. Ал кәрқұрлықта көлігіңізді жөндеуге берсеңіз орнына уақытша басқа темір тұлпар береді. Тұтынушының құқығын бұзбау үшін бар жағдайды жасаған. Бізге де үйрену керек.