Ауылдың құртына өзге елдер қызығушылық танытып жатыр. Жамбылдық зейнеткер қолдың құртын Қытай мен Түркияға саудалауда. Кәсіптің көзін тапқан кейуана өнімнің 7 түрін әзірлейді. Ұлттық тағамға түрлі жеміс-жидек қосады. Алпыстан асқан апаның бұл кәсібіне немерелері көмектесетін көрінеді. Шағын цехын кеңейткісі келетін әжей алдағы уақытта ауылдағы келіндерге құрт жасаудың қыр-сырын үйретіп, жаңа жұмыс орындарын ашсам дейді.
Ұлттық өнімді экспортқа шығаруды қолға алған әжейдің кәсібі көпке үлгі. Шәрипа Қамбарованы Жамбыл ауданы Бесағаш ауылының жұрты құрт жасайтын апа деп таниды екен. Алғашында ол өнімін ауыл мен қала тұрғындарына сатқан. Сосын үйінің бір бұрышын құрт шығаратын цехқа айналдырған. Кейін ауыл әкімінің көмегімен өнімін халықаралық көрмеге шығарыпты. Саудасы қызып, шетелден тапсырыс ала бастаған. Қазір Қытай мен Түркиядан толассыз тапсырыс келуде.
ШӘРИПА ҚАМБАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Құрт мысалға өзінше пайдалы. Оған қосымша тағы жеміс жидекте қосылғанан кейін, ешқандай бояу заты жоқ болғандықтан оның пайдасы орасан зор болады. Оны оформлять етіп, әдемілеп вакуумный пакетке саламыз. Ол әр жеміс-жидектің үстіне тағы қосымша қағазын жабыстырып, қайсы құрт қандай жеміспен екенін көрсетіп тұратын.
Бүгінде зейнеткер 300 келіге жуық құртты сырт елге жөнелкен. Ол отбасын қорадағы 20 сиырымен асырап отыр. Кейуана отбасылық бизнесті кеңейту мақсатында былтыр қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Ерекше жобасының арқасында 3,7 млн теңге ұтып алған.
НҰРИСЛАМ ӨМІРБОЛАТ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Бүгінгі таңда Жамбыл обысында 21 миллион теңгеге кәсіпкерлерді бірыңғай кешендік бағдарлама аясында мемлекеттік грант беру құралы арқылы қаржыландырылған болатын. Жалпы Жамбыл облысында 6 кәсіпкер грант иегері болды. Оның 2-і әлеуметтік кәсіпкерлік тізіміне енген кәсіпкер болатын болса, 4-і “бір ауыл бір өнім” бағдарламасы аясында қатысты.
Бес баланың анасы мемлекеттен алған қайтарымсыз гранттың қаржысына тоңазытқыш, құрт кептіретін құрылғы мен май шайқағыш құрал сатып алыпған. Енді кәсіпкер «Жамбыл-бизнес» бағдарламасы арқылы 7 жылға 7 пайызбен несие алып, бизнесін одан әрі дамытуды көздейді.