"Анама рақмет!" Осындай атаумен Астана телеарнасы челлендж бастады. Өңірлердегі тілшілеріміз мереке қарсаңында анасын құттықтап, ізгі ниет-тілегін жеткізді.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Ана – барлық өмірдің бастауы. Ол бізді алтын құрсағында 9 ай, 9 күн көтерді. Әлемнің жарығын сыйлады. Ақ сүті арқылы бойымызға асыл қасиеттерді дарытты.
Менің анам – Гүлбаршын Жұмаділова 40 жыл өтілі бар есепші. Бізді білімді азамат болсын деп әкеміз екеуі қақаған қысқа, аптап ыстыққа қарамай, күн, түн демей, маңдай термен еңбек етіп келеді. Бетімізден қақпай кез-келген бастамама батасын беріп, жол сілтеп отырады. Мен -нағыз кемел адамның қандай боларын ата-анамнан ұғындым. Мен үшін мұндай пейіліне бүкіл әлемді сыйдырған жайдары жан бұл әлемде кемде-кем! Менің осылай жарқырап жүргенім ата-анамның арқасы. Қазір «Анама рақмет» челенджі арқылы мамама хабарласып, ыстық ықыласымды, алғысымды айтамын.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Хан да, қара да анаға бас иеді. Ардақтыларымыздың түн ұйқысын төрт бөліп, бесік тербеткен бір күндік бейнетінің өтеуін шексіз құрмет көрсетсек те қайтара алмасымыз анық. Себебі, әзиз аналарымыздың перзенті үшін жасаған еңбегіне ештеңе тең келмейді. Әрдайым асыл анамызды құрметтеп, қастерлеп әркез жанынан табылып, қуаныш сыйлайық.
АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Ана-әлемдегі ең ардақты жан. Мереке қарсаңында мен де өз анамды құттықтағым келеді. Менің анам Шымкентте тұрады. Сондықтан жұмыс арасында уақыт бөліп, арнайы құттықтауға келіп тұрмын.
Менің анам – Бибісара Өтелқызы. Биыл 74 жасқа толды. Анашым «күміс алқа иегері. Алла берген 6 баланы бағып-қағып өсірген ардақты жан. Анам -еңбек адамы. Зауыт-фабрикаларда жұмыс істеді. Он саусағынан өнері тамған қолөнер шебері, ісмер адам. Әкем екеуі екі ұл, төрт қыздың жағдайын жасап, мәпелеп өсірді, жеткізді, барлығымызға жоғары білім берді. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, қазір немерелерінің ортасында шалқып отырған жайы бар. Менің өмірде өз орнымды ойып тұрып алуым осы ардақты жандардың арқасы. Менің анам-менің барым. Баға жетпес байлығым. Мен анаммен мақтанам. \құшақтаймын кадрде\\
АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Маған жарық дүние сыйлағаныңыз үшін рақмет сізге мама.
Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін,
Жинадың сен маған....
Бақытымызға орай аман жүріңіз,Анашым.
Мерекелеріңізбен барша ардақты, ақ жаулықты аналар!.
ЗАҢҒАР САНАЙ, ТІЛШІ:
Анаға құрмет- балаға міндет.Иә, мереке қарсаңында мен де аяулы анама гүл шоғымды ұсынып, мейірім шуағына бөленіп қайттым.Әлемнің жарығын сыйлаған асыл жанның ғибратты ғұмырын перзенттік пейілмен баяндап бергім келеді.
Анам- Әзей Бәлелқызы 7 баланы өсіріп жеткізген абзал жан.Көпбалалы ана. Алтын алқа иегері.Бір қолымен бесік тербетіп, екінші қолымен ерінбей еңбек етті.Әуелі медицина ұйымында, кейін мәдениет саласында тер төкті.Ұрпағын өнерге баулыды.Мені де бала кезімде айтысқа дайындап, талай бәйгеге қосты. Бұл күндері ұлын- ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөберенің шаттығына кенеліп отыр.
ӘЗЕЙ БӘЛЕЛҚЫЗЫ, «АЛТЫН АЛҚА» ИЕГЕРІ:
Бүгінде мен өзімді өте бақытты анамын деп сезінем.Өйткені ұлды-ұяға, қызды-қияға қондырып немере-шөбере, шөпшек сүйіп отырған аяулы анамын.Осылай енді бала-шаға ортасында отыра берсем деп бір Алладан тілеймін.
Ардақты ата-анамның отау құрғанына елу жыл болды.Анам- бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған адам. Зейнетке шықса да еңбектен қол үзбей, іс тігеді.Қызы мен келіндерін де тігіншілікке үйретіп келеді.
ЗАҢҒАР САНАЙ, ТІЛШІ:
Аяулы ана, ардақты әже Әзей Бәлелқызы жайлы сағаттап сайрап, тоқтамай толғауға дайынмын.Әттең эфир уақыты шектеулі. Алайда халықаралық мереке қарсаңында «Анаға құрмет» челенджін ұйымдастырған «Астана» телеарнасына алғысым шексіз. Өмірдегі ең қымбатты, аса ардақты жанды қуантқанға не жетсін. Аналар аман болсын.