$495.95 €535.28 ₽5.54
×

Талдықорғанда ұсақтау шарларын өндіретін зауыт салынады

Талдықорғанда ұсақтау шарларын өндіретін зауыт салынады

Талдықорғанда ұсақтау шарларын өндіретін зауыт салынады. Кәсіпорынды 2028 жылы іске қосу жоспарланған. Астанада KAZ Minerals тобы мен чилилік ME Elecmetal компаниясы арасында оффтейк-келісімшартқа қол қойылды. Инвестиция көлемі- 85 млн АҚШ доллары.

Ұсақтау шарлары руда, мыс сынды кен өнімдерін ұнтақтауға, оны өңдеуге арналған зат. Kaz Minerals компаниясы жыл сайын 100 млн доллар тұратын 70 мың тонна өнімді шетелден сатып алады. Серіктестік бұл өнімді чилилік «ME Elecmetal» зауытынан жеткізеді. Себебі елімізде мұндай шарларды өндіретін кәсіпорын жоқ. Енді шетелдік компания Қазақстанда ұсақтау шарларын өндіретін зауыт салмақ. Екі ел өкілдері келісімге келіп, құжатқа қол қойды.

РИНАТ МАДЫБАЕВ, «KAZ MINERALS» ЖШС БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Бізде ең үлкен диермендер бар. Сол үлкен диермендерге арналған ұнтақтау шарларын өндіру фабрикасы ашылады.


Зауыт іске қосылған соң, жылына 150 мың тонна ұсақтау шарын өндіру жоспарланып отыр. Жаңа кәсіпорында 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Өз кезегінде шетелдік серіктестер Қазақстандағы өндіріс базасы компанияның Орталық Азия мен көршілес елдерде кеңеюіне жол ашатынына сенімді.

ЕУГЕНИО АРТЕГА, ME ELECMETAL КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Екі елдің ортақ тұсы көп. Ақтоғай мен Бозшакөл зауытында ұнтақтау шарларын өндірудің озық технологиясы енгізіліп, кәсіпорынды сапалы материалдармен қамтамасыз етеді. Жоба біздің Орталық Азиядағы орнымызды нығайтады. Сондай-ақ Kaz Minerals негізгі серіктес бола отырып, жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттырады.


Стратегиялық әріптестік екіжақты іскерлік ынтымақтастықты және технологиялық процестерді одан әрі дамытуға бағытталған. Жоба тау-кен өнеркәсібін дамытып, елдің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сондай-ақ сапалы шикізатпен және жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді.