Оралдық оқушылар тағам қалдықтарын қайта өңдеп, кәдеге жаратуды үйренді. Мұны ғылыми жоба ретінде ұсынған олар қомақты сыйақы тігілген жүлделі орынды иеленген. Кейін осы ақшаға өздеріне қажет түрлі жабдық сатып алып, алма, апельсин, банан секілді жемістердің қабығын кептіріп, қайта өңдеген. Оқушылар тек жеміс-жидек емес, жұмыртқаның қабығын да қосымша қорек ретінде кәдеге жаратамыз, дейді. Ал гүлдің жапырағын шірітіп, минералды қоспа орнына қолданады. Бұл аздай, бір реттік гигиеналық заттарды да сәндік бұйымға айналдыруға болады екен. Іскерлігімен өзгеге үлгі болған оқушылар қазір қайта өңдеген өнімдерін сатуға шығарған.
ЖАНАТ ҚАЖЫМҰРАТОВА, БИОЛОГ:
Барлық қалдықтарды сұрыптап, оны қайтадан пайдаға асыру. Негізгі мақсатымыз - үнемдеуге үйрету, сонымен бірге тағам қалдығының өзінен, пластиктің өзінен кейін тағы бір бұйым жасап, Жасыл Қазақстан болу үшін, таза Қазақстан болуы үшін экологиялық санасы дұрыс болуы керегін, жауапкершілікпен қарау керегін және экологиялық білім бере отырып, олардың экологиялық мәдениетін көтеруге жұмыстанамыз.