$504.44 €545.65 ₽5.95
×

Президент Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады

AstanaTV
07.03.2025ж. 14:17
511
Президент Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады
Фото: Ақорда

Президент аруларды көктем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды Astana TV.

«Бүгін мен баршаңызды көктем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрамды шын мәнінде сұлулықтың көрінісі деуге болады. Себебі әйел жаны қашанда әдемілікке жақын. Аруларымыз әлемге сүйіспеншілікпен қарап, жан-жағына жақсылық шарапатын сыйлап жүреді. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бекер айтылмаған. Әйел – шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы. Ана – тіршілік пен берекенің бастауы, адамзат бойындағы бар ізгіліктің қайнар көзі. Ананың аялы алақаны мен шексіз мейірімі әр үйге жылылық береді. Салт-дәстүріміз бен ана тіліміздің бүгінгі күнге жетуі де – ең алдымен, аналардың арқасы. Өмірдің мәні де, тіршіліктің сәні де – сіздер! Сондықтан бүгінгі мейрамда барша ер-азаматтар өздеріңізге ақ тілегін арнап, ықылас-ілтипатын білдіріп жатыр. Солардың ішінде мен де Мемлекет басшысы ретінде әйелдерге тілегімді, лебізімді айтып тұрмын», - деді Президент.


Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сан түрлі салада жетістікке жетуіне қыз-келіншектер мол еңбек сіңіргенін айтты.

«Халқымызда ерлік пен елдіктің туын биік ұстаған арулар аз емес. Олардың есімі ел шежіресіне алтын әріппен жазылған. Тұмар мен Бопай ханымдардың, Домалақ ана, Зере және Ұлпан аналардың, Әлия, Мәншүк, Хиуаз секілді батыр қыздарымыздың аты ел жадында. Сіздерді ақылы мен ажары, даналығы мен даралығы келіскен қазақ әйелінің ізбасары деуге болады. Әйелдер қауымы күрделі кезеңдерде аянбай еңбек етті, Отанымыздың өсіп-өркендеуіне белсене атсалысты. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Бүгінде Сіздер санасы сергек, ойы азат ұрпақ өсіріп, Отанымыздың өркен жаюына айрықша үлес қосып келесіздер. Қазақстанның сан түрлі салада жетістікке жетуіне қыз-келіншектеріміз мол еңбек сіңіруде. Бүгін Ақордаға шақырылған әйелдер арасында Отанымызға әр салада еңбек сіңірген білікті мамандар бар. Мен баршаңызға зор алғыс айтамын!», - деді Президент.

«Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы», «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» құрметті атақтары алғаш рет табысталды.


«Әлемдік додаларда топ жарып, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген аруларымыз да бар. Біз қажырлы еңбегімен, ерен ерлігімен танылған қыз-келіншектерді мақтан тұтамыз. Тәуелсіздік жылдары өз саласының үздігі атанған 8 әйелге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.Биыл елімізде – «Жұмысшы мамандықтары жылы». Қазір осы саладағы білікті мамандардың мәртебесін көтеру үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, мемлекеттік марапаттар жүйесіне жаңадан 9 құрметті атақ енгізілді. Бүгін осындай екі марапат алғаш рет тапсырылады. «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» атағы еңбек ардагері Ольга Шелудькоға беріледі. Ал өндіріс озаты Майра Ерманова «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» атанып отыр. Осындай нағыз еңбек адамдарына бүкіл ел болып құрмет көрсетіп, оларды жан-жақты дәріптеуіміз керек. Жұмысшы мамандықтары жылының түпкі мәні де – осы», - деді Президент.