Қазір Мәжілісте 18 әйел депутат бар. Олар 2 жылдан бері көп жұмыс атқарып, маңызды заңдар қабылдауға ерекше үлес қосты. Нәзік жандыларды төл мерекесімен құттықтаған Палата спикері Ерлан Қошанов Президент пәрмені мен азаматтардың талап-тілегін, мұң-мұқтажын абыроймен атқарып жүргені үшін алғыс айтты. Жиын барысында биылғы көктем мерекесінде жаңа дәстүрдің негізі қаланып жатқанын жеткізді.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер қауымының бірқатар өкілін мемлекеттік наградалармен марапаттау жөнінде арнайы жарлыққа қол қойды. Олардың қатарында біздің де әріптестеріміз бар. Жаңа ғана Айгүл Құспан Мемлекет басшысының қолынан «Парасат» орденін алды. Тағы бір мәртебелі марапатты Президентіміз маған табыстауды тапсырды. Депутат Ажар Сағындықова бүгін «Құрмет» орденімен марапатталады. Бұл наградалар – Мемлекет басшысының Мәжілістегі арулардың бәріне берген жоғары бағасы деп білемін.