$511.92 €588.91 ₽6.44
×

Мамандық әйел, ер деп бөлінбейді

07.03.2025ж. 20:00
188
Мамандық әйел, ер деп бөлінбейді

Қазір небір қиын мамандықты ерлермен қатар әйелдер де оп-оңай меңгеріп алған.  Солардың бірі – павлодарлық Айнұр Қамиева. Ол төтенше жағдайлар саласында еңбек етеді. Нақтырақ айтсақ, өрт сөндіру қызметінің маманы. Керек кезде өртті де сөндіруге білек сыбана кірісіп кетеді. Ауыр да, жауапты мамандық иесімен тілшіміз  Өзгеріс Қуанар тілдесіп келді.

Айнұр Қамиеваның  міндеті -өрттің себебін анықтау. Сол үшін өрт сөндірушілермен бірге оқиға орнына барады.

АЙНҰР ҚАМИЕВА, ТЕРЕҢКӨЛ АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Жақында Тереңкөл ауданында үйлердің бірі өртеніп жатқаны туралы бізге хабар түсті. Оқиға орнына 6 минутта жеттік. Өрт сөндірушілер бірден барлау жасап, үй ішінен 17 жастағы жігітті алып шықты. Біз дереу алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Бірақ, жас жігіт түтінге қатты тұншығып қалған. Құтқару мүмкін болмады. Сол кезде өзімді жайсыз сезіндім.  Өте өкінішті жағдай болды.


Айнұрдың бұл салада жүргеніне 13 жылға жақындаған.  Қызметінің қиындығына қарамастан,  ерлермен қатар иық тірестіре жұмыс істейді. Кейіпкеріміздің бұл мамандықты таңдауы да кездейсоқ емес.

АЙНҰР ҚАМИЕВА, ТЕРЕҢКӨЛ АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Бала кезден төтенше жағдайлар саласының маманы болуды армандадым. Менің осы салада жұмыс істейтін көршім болды. Әйел адам болатын.  Оның формамен жүргеніне қарап қызығатынмын. Мен де осы сияқты форма киіп жүрсем ғой - деп армандайтынмын.  Сол арманыма жеттім.


Тереңкөл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде тек екі   нәзік жанды бар.  Әйел затына ауыр мамандық болса да, Айнұр бұл саланы еш қиын сынбайтынын айтады.

АЙНҰР ҚАМИЕВА, ТЕРЕҢКӨЛ АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Біз 24/7 жұмыс істейміз.  Бізде демалыс күн деген жоқ. Кез келген уақытта төтенше жағдайға дайын болуымыз керек. Әр адам өзінің қызметтік жолын дұрыс аяқтауы керек. Мен бұл саланы таңдағаныма өкінбеймін.  Керісінше, осындай ауыр да, қиын мамандықты таңдағанымды мақтаныш етемін.  


Айнұр жұмысында темірдей қатты тәртіпке бағынған маман болса, үйде мейірімді ана. Оның үш баласы бар. Ал жолдасы жұмысына түсіністікпен қарап, қолдау көрсетіп келеді.