Ұйымдасқан қылмыс, терроризммен күрес – ерлердің ғана ісі емес. Осы ұранды ту еткен талай қыз-келіншектер күштік құрылымдарда қызмет етіп келеді. Отан алдындағы борышын өтеп,тыныштықты күзетушілер арасында қимылы көз ілестірмейтін арнайы жасақ бөлімшесін айтуға болады. Қылмыскерлерден қорықпайтын қыздармен Еркелді Тілеуқұл тілдесті.
Қандықол қылмыскерлерді құрықтап та, үй шаруасын тындырып та үлгереміз. Сегіз қырлы, бір сырлы деген сипаттама қазақ жігіттері ғана емес, қыздарына да қатысты айтылған секілді. Елордадағы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ, халық аузында СОБР аталып кеткен қызметтің тұтас бөлімшесі қыздардан құралған. Ең қауіпті қарақшыларға қарсы күрескендіктен, сұлу жүздерін масканың артына жасыруға міндетті. Қару-жарақтың құлағында ойнап, ату жаттығулары бойынша ерлерге дес бермейді. Мәселен, «Найман» лақап атты бұрымды сарбаз Мадина Шаяхметова, 3 жастағы баласы бастапқыда сағынып, жылағанымен қазір үйренісіп кетті дейді.
АҢСАҒАН ШАЯХМЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПД ЖЫЛДАМ ҚИМЫЛДАЙТЫН АРНАЙЫ ЖАСАҚ АРНАЙЫ МАҚСАТТАҒЫ БӨЛІНІС САРБАЗЫ:Бұл қызметтен, спорттан бөлек, үйде күтіп отырған отбасымыз бар. Бала-шағамыз, олардың тамағы, үй жинау, кірін жуу дегеннің барлығы – біздің мойнымызда. Соның барлығын бірге қатар алып жүреміз. Апасына тастаймыз. Бейнеқоңыраумен сөйлесіп отырамыз. Жағдайымыздың барлығын түсіндіреміз. Түснеді. Жыламайды.
Ару-батырлар бүкіл бөлімше болып қасиетті Рамазан айында Ораза ұстауды да ұмытпайды. Лақап аты «199» арудың айтуынша, қауіпті тапсырманы орындау да ауыз бекітуге кедергі емес.
МАДИНА ШЫҢҒЫСБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ПД ЖЫЛДАМ ҚИМЫЛДАЙТЫН АРНАЙЫ ЖАСАҚ АРНАЙЫ МАҚСАТТАҒЫ БӨЛІНІС САРБАЗЫ:Ауызашар кезінде базада болсақ, ас бөлмесінде ауыз ашамыз. Түрлі жұмыстармен тапсырмаға барған жағдайда өзімізбен су және құрма алып жүреміз. Осылайша, ары қарай жұмысымызды жалғастыра береміз. Не дегенмен, робот емеспіз ғой. Арасында басымыз айналып, ауырып, шөл қысып, қиналып қалатын кездер болады.
Әріптес-жігіттер бұрымды сарбаздарға толықтай сенетіндерін айтуда. Нәзік жанды деп құрметтегенімізбен, жұмыста қанды көйлек жолдаспыз, - дейді.
МЕЙІРМАН ҚАЛДЫБЕКҰЛЫ, ҚАЛАЛЫҚ ПД ЖЫЛДАМ ҚИМЫЛДАЙТЫН АРНАЙЫ ЖАСАҚ АРНАЙЫ МАҚСАТТАҒЫ БӨЛІНІС САРБАЗЫ:Ол кісілердің өздері 1-3 шыға алады. Біреуінің күші 3 адамға татиды. Өте мықты нәзік жандылар. Біз тапсырмаға, қызметке бірге түсеміз. Бізбен терезесі тең дәрежеде қызмет атқарады.
Айта кетейік, дәстүрлі түрде Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін «SWAT Dubai Police Challenge» байқауында тұңғыш рет Қазақстаннан қыздар тобы қатысып, жүлделі 2-і орынды иеленді.