$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Астана телеарнасының «Анама рақмет!» челленджі жалғасуда

07.03.2025ж. 20:00
619
Астана телеарнасының «Анама рақмет!» челленджі жалғасуда

Аналар мерекесі қарсаңында «ASTANA TV» телеарнасы «Анама рақмет!» челленджін бастаған болатын. Біздің арна тілшілер  өмірдегі ең қымбат жандарды құттықтап, сый сыяпатын жасауда. Сөз тізгінін әріптестеріме беремін.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Анадан асқан жан бар ма?
Анасыз мына жалғанда.
Бір ісің алға басар ма?
Батасын алмай барғанда.
Мереке қарсаңында аяулы анамды құттықтап, батасын алмақпын.



Менің анам -  Майрагүл Әлхарқызы. 3 құрсақ көтеріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты жан. Бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп, осы күнге жеткізді. Сол үшін де анама айтар алғысым шексіз. Өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңса да, қаймыққан жоқ. Бізге аналық мейірімін төгіп, тәлім тәрбие берді. Жоғары білім алып, өмірден өз жолымды табуға бағыт бағдар берді. Әрдайым ақылын айтып, қанат қағып кетуіме себепкер болды.  

МАЙРАГҮЛ ӘЛХАРҚЫЗЫ:

Ана үшін баласының бақытынан асқан дүние жоқ. Бізге көрсеткен сый құрметіне ризамыз. Маған рақмет айтып, телевизордан көрсетіп жатқан «Астана» телеарнасына алғысымды айтамын. Еңбектері еленіп, елдің ыстық ықыласына бөлене берсін. Осы сәтті пайдаланып, барша аналар қауымын мерекемен құттықтаймын.   


Анам мен әкемнің биыл шаңырақ көтергеніне 35 жыл толды. Бар ғұмырын баласының бақыты үшін сарп етті. Ұл, қызын өнер, білімге баулыды.  Қолы қалт етсе, ескі әдетімен тігін тігеді.  Одан қалды ұрпақ тәрбиесіне мән береді. Немерелеріне ертегі оқып, олардың да өнерлі азамат болғанын қалайды.

Ыстық ықыласымды  анамаға арнаған өлеңмен түйіндегім келеді.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Жанар оты найзағай жарқылдаған,
Жарқылдаған ақ көңіл аңқылдаған.
Іздесең де таппайтын жер бетінен,
Анам менің ең асыл алтын адам.


БАҚЫТ ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ана- әрбір жан үшін ең қымбат жан. Әлемде ананың  мейірім мен жылылыққа толы жүзіне, ыстық құшағы мен аялы алақанына жетер ештеңе жоқ. «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған»  деп мен осы мереке қарсаңында өзіме өмір сыйлаған алыстағы анашымды сағынып, дауысын бір естігім келді.


Менің анам Жанжігітова Аққойсын Темірешқызы 72 жаста. Анам әкем екеуі  Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Отыз жылдан астам уақыт «Экономист» болып еңбек етті.  Қызмет ете жүріп, алты баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Бүгінде ата-анам   ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты жандар. Әрқайсымызға тәлім-тәрбие беріп, өмірден өз орнымызды ойып алуымызға себепші болды. Бүгінде алтауымыздың бірі ұлағатты ұстаз, бірі дәрігер, бірі кәсіпкер бірі тілші болып қоғамға қызмет етіп жүрсе, осы кісілердің арқасы! Менің ата-анама алғысым шексіз!

АҚҚОЙСЫН ЖАНЖІГІТОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Бақыт кішкентайынан шығармашылыққа жақын болып өсті....


БАҚЫТ ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:


Анашым аяулым ақ сүт берген маған
Бұл өмірде жоқ қой сенен қамқор адам
Ұл өмірде мен тек анам бар деп мақтанам
Анашым аяулы жан анам!
Барша аналар мерекелеріңізбен!


ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Бүгін далам күндегіден бөтен ғой,
Бүгін ғалам жылылыққа мекен ғой.
Бар сұлулық неге тұнып тұр десем,
Аналардың мерекесі екен ғой.


Астана телеарнасының ұжымы бастаған керемет челленджді жалғастырып, мен де асыл анамды мерекесімен құттықтауға ауылға аттандым.

Менің анам Ералиева Амина 25 жылдан бері инесі мен түймесін жанына серік еткен тәжірибелі тігінші. 4 баланың анасы. Бауыр еті балалары үшін көз майын тауысып, ешкімнен кем қылмай өсірді. Сәби кезімнен ұйқымды күзетіп, тәрбиемді түзеткен анашыма алғысым бүгінде шексіз. Сіздің жүрегіңіздің жылуы мен мейірімі мені әрдайым жылытып, өміріме шуақ шашады.

АМИНА ЕРАЛИЕВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:


Баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма кірсін деп өсірдік қой. Бүгін  ұлдарым ержетіп, қыздарым бойжетіп отыр. Бірақ қанша өстім десе де, әлі де сол баяғы бала боп көрінеді. Жомартым 18 жасынан журналист болған соң, күнде жаңалықтарды аңдып отырамыз бүгін не айтты екен деп.  


Әлі есімде, бала кезімде сахналарда әдемі болуым үшін, өз қолымен жасыл  түсті костюм тігіп берген. Соны киіп, талай жарыстарды жетістікке жеттім.  Анамның мейірімі сіңген сол киім мен үшін жеңіс символындай болды.  Әр тігісінде маған деген махаббаты мен қамқорлығы бар екені сезіледі. Сол сәттер әлі күнге дейін жүрегімде жылы естелік болып сақтаулы.

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Қазақ халқында “Жұмақ – ананың табанының астында” деген сөз бар. Бұл жай ғана мақал емес, өмірдің шынайы заңы. Ананың разылығы – Алланың разылығы. Сондықтан анамызды ренжітпей, оның берген тәлімін бойымызға сіңіріп, әрдайым құрмет көрсету – біздің ең басты парызымыз.