Әйелдер қауымы асыға күтетін 8 - наурыз мерекесі әлемнің 30-дан астам елінде тойланады. Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа демекші, мейрамды атап өту дәстүрлері де әртүрлі. Дүниежүзінде 8-наурыз мерекесі қалай әспеттеледі? Бұл туралы толығырақ Мөлдір Жақан «Жер-жаһан» айдарында айтады.
Қайырлы кеш, құрметті көрермен! Мереке алындағы қарбалас арасында әлем жаңалықтарына да назар аударып қойыңыздар. Францияда 8 наурыз - Халықаралық әйелдер құқықтарының күні деп белгіленген. Бұл күні барлық іс-шаралар гендерлік теңдікке, әйелдің тарихтағы, спорт, мәдениет және ғылымдағы рөліне бағытталады. Ал Италияда бұл мейрамның басты символы - мимоза гүлдері. Ақпаннан наурызға дейін Италияның көшелері сары түске боялады, өйткені дәл осы кезеңде мимоза ағаштары гүлдейді. Бір қызығы, мереке күні итальяндық қыз-келіншектер гүл шоқтарын ер адамдардан ғана күтпейді. Әйелдер ынтымақтастығының белгісі ретінде бір-біріне гүл шоқтарын сыйға тартады. Көршілес Қытай елінде 8 наурызда тек ер адамдар жұмыс істейді. Нәзікжандарға ресми демалыс бекітілген. Бұл мерекені гүлсіз елестету қиын. Аспан асты елінде де гүлге сұраныс күрт өскен.
СЭ ЯОРОНГ, ГҮЛ ӨНДІРУШІ КОМПАНИЯНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:
Сауда қызып тұр. Ең көп сатылатыны – раушан гүлі. Қалампырды да алдын ала тапсырыспен алады. Ол көпке шейін солмайды. Біздің гүлдердің сапасы жоғары. Олар үздік тәсілмен өсіріледі.
Әйелдер үшін ең керемет, баға жетпес сыйлық – бейбітшілік болар еді. Қазір төрткүл дүниенің назары Ресей, Украина, АҚШ елдерінің арасындағы қарым-қатынасқа ауған. {КТМ} АҚШ Украинаға әскери көмек пен барлау мәліметін беруді тоқтатқан болатын. Жағдайдың насырға шапқанын сезді ме, Владимир Зеленский соғысты тоқтату жоспарын ұсынып, әлеуметтік желідегі парақшасында бейбітшілікке ұмтылатынын жеткізді.
ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
Біздің ешқайсымыз мәңгілік соғысты қаламаймыз. Украина тұрақтылыққа қол жеткізу үшін келіссөздер үстеліне тезірек отыруға дайын. Бейбітшілікті украиндардан артық ешкім қаламайды. Менің командам және мен бейбіт өмірді жақындату үшін Президент Трамптың басшылығымен жұмыс істеуге дайынбыз.
Ал Аустралия болса, табиғи апатпен күресіп әлек. «Альфред» дауылы салдарынан мыңға жуық мектеп жабылып, қоғамдық көлік жүрісі тоқтатылды. 80 мыңнан астам үй жарықсыз қалды. Қазір тропикалық дауыл елдің шығыс жағалауына жеткен. Көп ұзамай құрлықтың ішкі аудандарына қарай соғады деген болжам бар. Аймақтағы миллиондаған тұрғын дауылдың соққысына қарқынды дайындалып жатыр.
Мендегі ақпарат осы, құрметті көрермен, кештеріңіз көңілді өтсін!