Алматы тұрғындарына сүйінші! 35 жасқа дейінгі жастар үшін «Алматы жастары» бағдарламасы аясында жеңілдетілген тұрғын үй несиелерін алу бойынша өтініш жіберу 14 наурызда басталады. Ең жоғарғы несие сомасы 20 миллион теңгеге көтерілді.
Бұл бағдарлама «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы арқылы 5 жылға дейін пәтер иеленген қала жастары үшін де өте тиімді. Мәселен, Алматы қаласының тұрғыны Жарқын Тұрысжан осыдан 5 жыл бұрын сатып алу құқығынсыз 29 жасқа дейінгі бағдарламамен үй алған. Бір жыл ішінде баспана сатып алуға қажетті қаражатты жинап, «Шаңырақ» жобасы арқылы өзінің жеке пәтеріне қол жеткізген.
ЖАРҚЫН ТҰРЫСЖАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Ай сайынғы төлем 15 мың теңгедей шығады. Өте қолайлы бағдарлама. Сатып алу құқығынсыз Алматы жастарына үлкен көмек болды. Ақша пәтерге жұмсамай, алғашқы жарнаға үй алуға үлкен көмек болды. 5 жылдық бағдарламада тұрып, алғашқы жарнаны жинап, 5-10-20 бағдарлама бойынша «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша үй алдым.
«Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы аясында пәтер жалдағандар қатарында Төлеби Убаев та бар. Ол айына небәрі 4270 теңге төлеген. Ал қазір мемлекеттік бағдарлама арқылы өз үйін алыпты.
ТӨЛЕБИ УБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
2018 жылы үй кезегіне мемлекеттік қызметкер ретінде тұрдым. Содан, конкурстарды қарап, бақылап отырғам. 2019 жылы Алматы қаласы бойынша жұмыс істейтін жастар арендалық үй беріледі деген шыққан кезде құжаттарымды жинап, бірінші лекке тапсырдық. Ол кезде соңғы 6 айда тұрақты жұмыс орны болуы керек болды. Содан кейін өз атымда үй болмаған деген анықтамалар болуы керек болған. Желтоқсан айындажауабы шығып, Саялы-2 ықшамауданынан сатып алу құқығынсыз договорға отырдық.
Бұған дейін 5 жылға жалға берілген пәтер мен уақытты ұтымды пайдаланып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы өз үйін алған 200-ден астам азамат бар. 2024 жылы 26 тұрғын пәтерлі болған. Айта кетейік, биылғы «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша байқауға түскен 2550 тұрғынға үй беріледі, оның ішінде 1050-і «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушылары. «Бұл ипотекалық бағдарламаның бастапқы жарнасы 10%, ал пайыздық мөлшерлемесі 5% » - дейді Данагүл Түсіпова.
ДАНАГҮЛ ТҮСІПОВА, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Жастардың ішінде әлі де өзінің тұрғын үйлерін алмаған жастарымыз бар. соларға арнап осы биылғы жылда Алматы жастары бағдарламасы әрі қарай жалғасын табады. Қазіргі таңда келісімшартқа қол қойылып, өтінім қабылдау мерзімі бекітілді. 14-26 наурыз арасында өтінім қабылдау басталады. Соған осы жалға тұрып жатқан жастарға толыққанды 100 пайызды қатысу мүмкіндігі беріліп отыр.
Айта кетейік, «Алматы жастары» бағдарламасына қатысу үшін мегаполисте тұрақты тіркеу болуы тиіс. Оған қоса, өтініш берушінің меншігінде үй болмауы керек. Ипотекалық бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары, журналистика, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары, қалалық коммуналдық қызмет салаларының мамандары қатыса алады.