Дағыстан Республикасының Цифрлық даму министрі Юрий Гамзатов мессенджерді теріс пиғылды адамдар жиі қолданатынын баса айтты. Бұған Махачкала әуежайындағы тәртіпсіздіктерді мысал етіп көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Дағыстан Республикасының Цифрлық даму министрі Юрий Гамзатовтың журналистерге айтуынша, Telegram мессенджері құқық қорғау органдарының сұрауы бойынша Дағыстан мен Шешенстанда (Солтүстік Кавказ федералды округі) бұғатталған.
– Telegram-ды Солтүстік Кавказ федералды округінің екі аймағында – Шешенстан мен Дағыстанда бұғаттау туралы шешім федералдық деңгейде құқық қорғау органдарының ұсынысы негізінде қабылданды. Оны теріс пиғылды адамдар жиі қолданады, соның бір мысалы ретінде Махачкала әуежайындағы тәртіпсіздіктерді келтіруге болады. Болашақта Telegram қайта қосылуы мүмкін, – деді ол.
2024 жылдан бері Солтүстік Кавказдың бірқатар аймағында Telegram мессенджерінің жұмысында ақаулар байқалған. Гамзатов танымал мессенджердің аналогтарын пайдалануды ұсынды.
– Әзірге жақсы аналогтар бар, мысалы "ВК", – деді министр.
2023 жылдың қазан айында Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен сәтте Тель-Авивтен рейстер келгенде Махачкала әуежайында жаппай тәртіпсіздіктер болды. Тәртіпсіздікке қатысушылар "Ұйташ" халықаралық әуежайында құны 24 миллион рубльден асатын мүлікті қиратып, бүлдірген. 30 мемлекеттік қызметкерге қатысты заңсыз әрекеттер жасалып, оның 23-і әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған.