$494.84 €537.4 ₽5.58
×

Жаңаөзен мешітіндегі өртте зардап шеккен баланың жағдайы ауыр

AstanaTV
09.03.2025ж. 14:36
115
Жаңаөзен мешітіндегі өртте зардап шеккен баланың жағдайы ауыр
Фото: Видеодан скрин

Жаңаөзенде Шаңырақ шағын ауданындағы мешітте кілем өртенді. Салдарынан жасөспірімнің денесін күйік шалып, ауруханаға ауыр халде жеткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Маңғыстау облысы төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, оқиға 6 наурыз күні сағат 17:54-те қалалық мешіттің аумағында болған. 

“Жаңдан салынған қалалық мешіт дәлізінде жатқан 40 шаршы метрлік кілем өртенді. Жалпы ауданы – 350 шаршы метр. Өрт сағат 18:10-да түгелдей сөндірілді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр”, – деп мәлімдеді департамент.

Өрт кезінде 12 жастағы бала зардап шекті. Баланың екі құлағы, беті, мойны, екі қолы мен бел аймағы және жоғарғы тыныс алу жолдары I-II-III дәрежеде термикалық күйік шалған. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың денесінің 15-17%-ы күйіп қалған.

“Қазір баланың жалпы жағдайы ауыр. Жағдайы айтарлықтай жақсарып жатқан жоқ. Шокқа қарсы инфузиялық терапия енгізіледі”, – деді Жаңаөзендегі қалалық көпбейінді аурухананың дәрігерлері.