Алматыда қоғамдық тамақтану орындарының бас аспазы есірткі сатқаны үшін ұсталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер есірткі сатты деген күдікпен жергілікті дәмхананың аспазын ұстады. Полицияның мәліметінше, ер адам жұмысын заңсыз заттарды сату үшін пайдаланған.
— Ол гашиш есірткі затын жұмыс орнында сатқан, дәмхананы өзінің қылмыстық әрекеттерін жасыру үшін пайдаланған. Істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел іс-шаралардан кейін аспаз ұсталды. Ұстау және тінту нәтижесінде есірткі және есірткінің заңсыз айналымына қатысты басқа да заттар тәркіленді. Ұсталған азамат қамауға алынды. Қазір қылмыстық іс-әрекеттің барлық дерегін және оған басқа адамдардың қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.