Алимент өндіру бойынша қазіргі уақытта 283 мың іс қаралып жатыр. Бұл туралы Әділет министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Оның ішінде борышкер ер адамдар саны - 272 мың болса, әйелдер саны - 11 мыңнан асады. Ондағы 16 352 іс бойынша берешек 16 млрд теңгеге тең. Көп жағдайда борышкерлердің алименті ай сайын жұмыс берушілердің бухгалтериясы арқылы өндіріледі. Сондықтан борышкерлерді жұмысқа орналастыру белсенді түрде жүргізілуде», - деді Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.
Ол сондай-ақ борышын өтей алмай жұмыссыз жүрген 6 мыңнан астам адамның жұмысқа орналастырылғанын айтты.
«Өз міндеттерін орындамағаны үшін борышкерлер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мәселен 2024 жылы 4,5 мыңнан астам борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал ҚК «алимент төлеу міндеттерін орындамау» бабы бойынша 391 адам сотталды. Сондай-ақ борышкерлердің банк шоттарына тыйым салу және уақытша шектеулер сияқты шаралар қолданылады», - деді ол.
Оның сөзінше, дүние-мүлкін сатып балаларының алдындағы берешегін өтеп жатқандар бар.
«Мәселен, Астанада алимент бойынша борышкерінің Mercedes-Benz S400 маркалы көлігі 23 млн теңгеге сатылды. Жамбыл облысында борышкер қарызды өтеу үшін 11 млн теңгеден астам тұратын жылжымайтын мүлкін қарызын өтеу үшін берді. Борышкерге қылмыстық іс қозғалды. Алматыда 9 млн теңгеден астам қарызды өтеу үшін 2017 жылғы Hyundai Tucson автокөлігі өндіріп алушыға тапсырылды», - деді Талғат Уәли.