Биыл тағы да табиғат тарпаң мінез танытуы мүмкін. 8 өңірде тасқын қаупі жоғары. Бұл туралы Экология министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында айтты. Қазір ел аумағының 71 пайызы қар жамылған. Алдағы күндері күн жылынып, жаңбыр жауса қарғын су әбігерге салуы мүмкін. Қазірдің өзінде оңтүстік пен батыс өңірлерде қар еріп жатыр. Ал орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар керісінше қалыңдап жатыр.
ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
Наурыз және сәуір айлары әдеттегіден жылырақ болады деп күтілуде, сондай-ақ еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мол болады, бұл көктемнің тез келуіне және су тасқыны қаупінің артуына ықпал етеді.
Үкімет басшысы әкімдер мәселені ерекше бақылауға алуы қажет екенін баса айтты. Төтенше жағдай туралы халықты хабардар ететін барлық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.