Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында жағдай күрделі. "Қазгидромет" әр облысқа арналған есептер дайындаған. Апта сайын гидрологиялық болжамдар жасауда. Жер-жерде мұз жарып, арықтар мен каналдарды тазалау, өзендерді тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірлердегі тасқынға қарсы дайындық шаралары туралы тілшілеріміз тарқатады.
БАҚЫТ ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Қардың әдеттегіден екі есе көп жаууы мен жердегі тоңның қалың болуынан су тасқыны қаупі биыл өте жоғары. Ақпанның соңы, наурыз айының басында жауын-шашынның үш айлық нормасы жауған көрінеді.
Қазір облыс орталығы мен аудандарда қар шығару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 455 текше метр қар шығарылды. Негізге жұмыстар су басу қаупі жоғары қаланың Мәскеу, Құрмыш, Сүт зауыты және Шанхай аудандарында жүргізілуде.
ӘЛІШЕР САРБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Қорғаныс бөгеттері салынып, өзен-көлдердің жағасы нығайтылды. Мұз жару жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Облыс орталығымен аудандарда 22 орында мұз жару жұмыстары жүзеге асырылған.
Синоптиктер өзен-көлден бұрын, күн күрт жылыса еріген қар суынан қауіп төнетінін айтып отыр. Наурыз айында жауын-шашын болады, әлі қар жауады деген болжам бар. Ал ауа температурасы +8 +13 градусқа дейін жоғарыламақ.
ГАЛИНА СТАНКЕВИЧ, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ИНЖЕНЕР- ГИДРОЛОГЫ:
Биыл бізде қауіп осы жауған қардан болуы мүмкін. Биыл өзен-көлдерден қауіп жоқ. Бір жағынан су қоймалары да олардан су келетін болса қабылдауға қауқарлы. Бірақ күн күрт жылыса, мына жатқан қар суынан жеке үйлер мен ауылдар суға кетуі мүмкін.
Шалқардың Бозой ауылында соңғы екі тәулікте күн жылып, қар еріп, айналаны су басты. Тазарту жұмыстары жүргізіліп, қазір қауіптің беті қайтты.
БАҒДАГҮЛ АЯЗБАЕВА, БОЗОЙ АУЫЛЫ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Бозой ауылында соңғы күндері қардың еруінен пайда болған суларды тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Соның нәтижесінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға қауіп төніп тұрған жоқ. Қауіргі уақытта Бозойдағы көшелердің барлығы тегіс тазартылды.
БАҚЫТ ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Былтыр өңірге қызыл су осы наурыз айының жиырмасынан кейін күтпеген жерден келген. Төтенше жағдай қызметі мен әкімдіктер қазір тасқынның алдын алу үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Шалқар, Байғанин, Мұғалжар, Ойыл, Қобда аудандары мен Ақтөбе қаласында қауіп жоғары. Еліміздің солтүстік өңірлерінде де жағдай мәз емес. Теріскейлік әріптесім Абзал Құрманкин әрі қарай жалғастырады.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Қызылжарда мұз жару жұмыстары басталды. Былтыр алапат су тасқыны кезінде Есілде мұз кептеліп, арнасынан шыққан өзен суы бірнеше шақырымға жайылған болатын.
Төтенше жағдай қызметінің мамандары мұзды жару жұмыстарын өзеннің төменгі ағысынан бастап, екі аптаның ішінде бірте-бірте Ақмола облысының шекарасына дейін апармақ. Ол үшін 1жарым тонна жарылғыш зат әзірленген.
Әсет ШАЙКИН, СҚО ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫ ЕСКЕРТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Мұз жару жұмыстары наурыздың 10 күні басталды. Өзеннің бұрылыстарында, жіңішке жерлерінде және көпірлердің маңайында мұз қопарылмақ. Барлығы облыс бойынша 51 жер таңдалған.
Тасқынға қарсы шараларды жүзеге асыру үшін өңірлерден қосымша күш тартылуда. Қарағанды облысынан келген 50 сарбаз қазір бөгеттерді нығайтып жатыр.
Әділет МАРАТҰЛЫ, РОТА КОМАНДИРІ:
Біздің басты мақсатымыз - дамбаны полипропилен материалымен қаптап, Бескөл және Тепличное ауылдарына судың кірмеуін қадағалау. Осы уақытқа дейін аталған материалдың 5 шақырымын жаптық. Сонымен қатар 6 мың қапты балшықпен толтырдық.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Синоптиктер алдағы күндері қар аралас жаңбыр жауады деп болжап отыр. Сондай-ақ, наурыздың орта белінен бастап сынап бағанасы +5 градусқа дейін көтерілмек. Бұл су басу қаупін күшейтпек.Ал Қостанайда тасқынның алдын алу шаралары қалай жүріп жатыр? Қанша елдімекенге қауіп төніп тұр, әріптесім Заңғар Санай айтады.
ЗАҢҒАР САНАЙ, ТІЛШІ:
Ал Қостанай облысының екі ауданында былтырғы көктемнен бері төтенше жағдай режимі әлі сақталып отыр.Бұл -Қарасу мен Қостанай ауданы. Биыл аймақтағы 101 елдімекенді су басу қаупі бар.
Қазгидромет мамандары су тасқыны наурыздың жиырмасына қарай басталуы мүмкін деген болжам айтып отыр. Оңтүстік аудандар жіті бақылауда тұр.Бұл жаққа арнайы 3 топ жіберілді.
ӨМІРЖАН ТҰҚЫШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Торғай өңірі бізде жеке бақылауда.Арқалық , Жангелдин және Амангелді аудандарында төтенше жағдайлар департаментінен 28 техника және 77 жеке құрамнан тұратын 3 топ құрылып, жолданды. Қазіргі таңда осы топтар ахуалды мониторингін, халықпен профилкатикалық жұмыстарын, су өткізу құрылыстарын, шұңқырларды, арналарды халықтың әлеуметтік осал топтарының аулаларын қар мен мұздан тазарту жұмыстарын жүзеге асырады.
Сонымен қатар Қарасу ауданына қарасты Жамбыл ауылына Семейдегі әскери бөлімнің инженерлік техникасы бар жеке құрамы жетіп, бөгетті нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
ЗАҢҒАР САНАЙ, ТІЛШІ:
4 көпір, 2 су қоймасы, 2 бөгет және 6 дамба жөнделді. 30 шақырымнан астам астам жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді. Арық-атыздар тазартылды. Енді жоспарға сәйкес мұз жару жұмыстары басталады. Тұрғындарды орналастыру үшін эвакуациялық пункттер сақадай сай. Оған 12 мыңнан астам адам сияды.