$513.68 €583.03 ₽6.24
×

Елордада бүгін 100-ге жуық көлік апаты болды

AstanaTV
11.03.2025ж. 20:00
156
Елордада бүгін 100-ге жуық көлік апаты болды

Астана қалың қардың құрсауында қалды. Соның салдарынан бүгін таң атқалы  100-ге жуық көлік апаты болды. Қалада қозғалыс қиындады. 10 күнде қардың 1 айлық мөлшері жауды дейді мамандар.   

АЙБЕК САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:

Сәуір болмай, тәуір болмайды деген рас-ау. Көктем шыққаны кеше ғана еді, қалың қар бір-ақ күнде жауа салды. Салдарынан көшеде қозғалыс қиындап, апат көбейді. Омбылап жүріп үйден жұмысқа, жұмыстан үйге әрең жетесің.


Табиғаттың тілін түсіну қайда... Ойда-жоқта жапалақтап қар жауды, қаладағыларға жаяу түгіл, көлікпен жүру азапқа айналды.

БЛИЦ:

- Машинамен особенно қиын жүруге. Таңертеңнен бері пробка.
- Дегенмен өте көп жауды ғой. Қыс бойы енді көп жауған жоқ еді ғой.
- Есеппен жаумайды ғой бұл енді. Сосын үлгере алмайды, үлгере алмағаннан кейін осындай болады.


Ал ауылдағыларға тіпті қиын. Қалаға жете алмай, қала тұрмақ есігінің алдына шыға алмай қалды. Дегенмен, не нәрсені де жақсыға жорып, жақсы ниетпен қабылдайтын халық жауын-шашынның мол болуы егінге жақсы дейді.

ТОҒАЙБАЙ НҰРМҰРАТҰЛЫ, ОСАКАРОВКА АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Соңғы 3 күн болды, иә, қораға дейін басып қалды. Таңертең тазалап шықтым соны. Үйімізді басып қалады, сондықтан соған шаршаймыз ғой. Қар мол болғаны жақсы ғой, егіншілікке, мал шаруашылығына.


Қалада 5 мм-ге жуық қар жауды, бұл аз көрсеткіш емес. Коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр,  2 млн текше метрге жуық қар сыртқа шығарылды.

АНУАР МАГАЛОВ, "АСТАНА ТАЗАЛЫҚ" ЖШС ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

1238 техника жұмылдырылды, 2 ауысыммен жұмыс жасалды. 700-ден аса жол жұмысшы жұмылдырылды. Қаладан шығарылған қардың бәрі арнайы полигонға апарып төгіледі. Аптаның соңына дейін толық шығарылып бітеді.


Кешеден бері ауа райының қолайсыздығынан Астанада 200-ден астам жол көлік оқиғасы тіркелген. Өзге өңірлерде де жағдай мәз емес, Қарағанды облысында 600-ге жуық көлік жолда қалды. Ал Абай өңірінде үш күн толассыз қар жауып, адам бойынан асып кетті.