Жаңа пәтерінде қоныс тойын тойлаған бір топ оралдықтың үйі қалалық кәріз желісінен ажыратылуы мүмкін. Шаһарды сумен қамтушы кәсіпорын басшысы тұрғындарға осындай қатаң ескерту жасады. Суы мен жылуы кіріп тұрған көпқабатты үйде уайымсыз өмір кешеміз деген тұрғындар енді мәселені қалай шешерін білмей отыр.
Жаңа үйден пәтер алған Гүлсара Ихласованың қуанышы ұзаққа созылмады. Бұған- сумен қамтушы мекеменің үйді кәріз желісінен айырамыз деген ескертуі себеп. Дағдарған тұрғындар енді шайынды суды қайда жіберерін білмей отыр.
СЕЙІЛБЕК БАЙТАҚ, ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:
Мектеп, балабақша бәрі жақсы жерде тұрғасын сатып алғанбыз, светке, газге бәріне төлеп отырмыз. Бірақ мына водоканал суын бір беріп, бір бермейді. Канализацияны бір қосады, бір қоспайды. Бізді сондай бір әбігерге салып қойды ыңғайсыз жағдайға. Қала әкімінен, облыс әкімінен көмек күтеміз енді. Ұяттары оянып, халықтың жанайқайын тыңдар?
Ал үйді салған кәсіпкер өзін "Батыс су арнасының" басшысы бопсалағанын айтады. Ғимаратты қабылдағанда қымбат қондырғы сатып әперуін сұраған. Бұл талабына көнбегесін, осылай қыспаққа алыпты.
НҰРЖАН БОРАНҚҰЛОВ, КӘСІПКЕР:
Талаптары заңсыз екенін оны прокуратура да, табиғи монополияға қарсы департамент те анықтап берді. Сатып алып бер, ананы бүйт-сүйт деген талаптары заңсыз екенін олар уже көрсетті. Хаттама толтырылды, штраф салды "Батыс су арнасына", сосын прокуратура да представление жіберді. Бірақ оған пысқырып отырған "Батыс су арнасы" жоқ, оның маған қатысы жоқ деп директоры отыр.
Мұны өзге құрылысшылар да растайды. Бірақ сушылардың дегеніне көнуге мәжбүр болған.
БЕКЕТ ТҰРСЫНОВ, КӘСІПКЕР:
Екі насос сұрады. Бір насос 500 бірдеме мың болды, екінші насос 170 мыңдай болды. Общий где то 800 мыңға біздер насостар алып бердік. Біздің үйге қатысы жоқ. Біз оны "Батыс су арнасының" складына апарып бердік.
НҰРЖАН БОРАНҚҰЛОВ, КӘСІПКЕР:
Ең бірінші сұраған аппараты үлкен, бір микрорайонға жететін насос болды. 30 миллиондай тұрады деді. Мен оны әрине алып бермеймін деп отказ бердім бірден. Одан кейін олар тағы бір аппарат берді. Үйге қатысы жоқ, оны бізге складқа әкеліп тастайсың дейді, болды, все! Былай айтқанда коррупцияның түрі ғой ол.
Ал "Батыс су арнасының" басшысы мұндай талап заңда бар дейді. Өйткені қала үлкейген сайын ауыз су жетпейді, желіге салмақ түседі, кәріз желісі де жиі істен шығады. Сондықтан бүгінге дейін 10 құрылыс компаниясы көмек ретінде түрлі қондырғылар әперіп, "қамқорлық" көрсеткен. Осының нәтижесінде апат 20% азайып, жіберілер су көлемі 2,5 миллион текше метрге ұлғайыпты.
ӘНУАР АРКЕНОВ, «БАТЫССУАРНАСЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
Үй салған екен, онда неге қаланы сумен қамту жүйесін дамытуға ат салыспайды? Бұған кетер шығын да көп емес. 30-40 млн. теңгені қайдан алғанын білмедім, мұндай жабдықтың бағасы әрі кетсе 300-400 мың теңге ғана. 500 миллионға үй салған адам бұл ақша бізге бергеннен кедейленіп қалмайды.
Өзара бітімге келе алмаған тараптар енді сотта кездеспек. Екі ортада күйзелген тұрғындар сот түсіністік танытып, өздерін қинамас деген үмітте.