2-3 күнде мыңға жуық адам қырғынға ұшырады. Азамат соғысы аяқталып, енді бейбіт өмір сүреміз деген Сирияда Башар Асад жақтастары мен уақытша үкімет әскері арасында қақтығыс болды. Канада өлсе де, АҚШ құрамына кірмейді. Канаданың болашақ Премьер-министрі Марк Карни осылай деп, Трампқа жауап қатты. АҚШ Президенті, өз кезегінде, Владимир Зеленскиймен татуласуы мүмкін. Қос ел делегациялары Сауд Арабиясында дәл қазір келіссөздер жүргізіп жатыр. Осы сәттегі әлемде болып жатқан басты жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Башар Асад жақтастары қарулы күрестен бас тартпады. Өткен аптада алавиттер қатарынан шыққан ондаған адам қару-жарақтарын өткізу кезінде оқ атқан. Нәтижесінде, үкімет әскерінің сарбаздары қаза болды. Хаят Тахрир аш-Шам әскері жазалау операциясын жүргізіп, негізінен алавиттер қоныстанған Латакия мен Тартус провинцияларында 300 астам Башар Асад жақтастарының көзін жойды. Сирияның уақытша Президенті – Ахмед Аль-Шараа болса, Иранды меңзеп, бұл әрекетінен түк шықпайтынын ескертті.
АХМЕД АЛЬ-ШАРАА, СИРИЯНЫҢ УАҚЫТША ПРЕЗИДЕНТІ:
Сыртқы күштердің алауыздық орнату әрекеттеріне қарамастан Сирияның бірлігі мызғымайды. Біз әлеуметтік теңдік пен тұрақтылықты сақтау үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Көп ұзамай, еліміз қайтадан көркейетін болады.
Дегенмен, көптеген халықаралық ұйым үкімет әскері бейбіт алавиттерді қырды, - деп Хаят Тахрир аш-Шамға айып тағуда. Кейбір дерек көздері 3-4 мың бейбіт адам өлді деген ақпарат таратты. Мәселен, Адам Құқығы бойынша Сириялық Обсерватория болса, ешқандай сотсыз, тергеусіз, әскери емес, бала-шағаны да жазықсыз жазалады, - деген мәлімет келтіруде. Канада ешқашан АҚШ құрамына кірмейді. 10 жыл бойы ел басқарған Джастин Трюдо қызметінен кеткеннен кейін, жақын арада осы лауазымға тағайындалып, қызметіне кірісейін деп жатқан Марк Карни де Дональд Трамп пен Илон Макстың мысқылына жауап берді. Оның үстіне, АҚШ билігінің бастаған сауда соғысына да Канада жауап қатты. АҚШ-қа экспортталатын электр энергиясына Онтарио штаты салық салған. Оған жауап ретінде, Трамп көптен бері айтып жүрген 25 пайыздық салық саламын деп, Канаданы қайтадан 51 штат деп мазақ етті.
МАРК КАРНИ, КАНАДА ЛИБЕРАЛДЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ:
Біз өлсек те, Америка құрамына кірмейміз. Біз тарихымыз терең, бөлек елміз және солай болып қала береміз. АҚШ біздің ресурстарымызды, суымызды, табиғатымызды, елімізді тартып алғысы келеді. Бірақ, біз оған жол бермейміз.
Канадамен араздасқан Трамп Владимир Зеленскиймен татуласуы мүмкін. Тіпті, өткендегі жанжалдан кейін қайтадан барлау ақпараттарымен бөлісе бастағанын жеткізді. Тұтқындармен алмасу, соғыстан кейінгі қауіпсіздік кепілдемесі секілді мәселелерді талқылау үшін Сауд Арабиясына Владимир Зеленский келді. Ол ханзада Мұхаммад Бин Салманмен кездесті. Артынша, Марк Рубио бастаған АҚШ делегациясы да Сауд Арабиясына келді. Дәл қазір АҚШ мемлекеттік хатшысы мен Украина Президенті офисінің меңгерушісі Андрей Ермак бастаған топпен келіссөз жүргізуде.