$513.68 €583.03 ₽6.24
×

Ғылымды насихаттаймын деп министр қолын күйдірді

11.03.2025ж. 20:00
441
Ғылымды насихаттаймын деп министр қолын күйдірді

Министр қолын күйдіріп алды. Отандық ғалымдар отқа салсаң жанбайтын кабель ойлап тапты. Саясат Нұрбек тың жобаны таныстырам деп  Үкімет үйінде от жақты.  Айтуынша, бұл өнім зиянды заттар бөлмейді, түрлі физикалық қасиеттерге ие. Оның алғашқы легі Өзбекстанға экспортталған.    

«ҚазЭлектроМаш» пен Еуразия Ұлттық университеті ғалымдары бірігіп отқа жанбайтын, жоғары және төменгі температураға төзімді, радиацияны өткізбейтін, түрлі физикалық қасиетке ие кабель өнімін жасап шығарды.  Министр өртеп, тексеріп көрсетті.

Отандық ғалымдардың жасағаны бұл ғана емес. Қатерлі ісікті емдейтін препарат тиімділігін көрсетуде. Дәріні пайдаланған науқастардың ісік көлемі орта есеппен 30%-ға азайған. Препарат жыл соңына дейін тіркеуден өтеді.

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Медициналық бұйымдардың 90 пайызы шеттен келеді. Енді бұл сандар азаяды. Себебі, елімізде титаннан жасалған импланттар мен бұйымдар шығарылып жатыр. Оны бел омыртқа, жамбас, тіс ауруларында пайдалануға болады.


Импланттар квота арқылы келген, әлеуметтік осал топтардан шыққан азаматтарға, кепілдендірілген мемлекеттік медициналық көмек алатын науқастарға тегін беріледі. Ал бағасы әлі есептелмеген.  

САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

Инвесторлар медициналық компания құрып, бүкіл ауруханаларға сатады. Бірақ ол өте арзан болады. Неге десеңіз, титан өзіміздікі, кедендік алымдар да жоқ. Маркетингті әлі есептеген жоқ. Сондықтан нақты бағасын әлі айта алмаймын. Шетелдік баламаларынан кемінде бірнеше есе арзан болады.



Еліміздегі  26 мыңға жуық ғалымның   46 пайызы 40 жасқа толмаған.  Ғалымдарға арналған гранттық конкурстар арқылы 2000-нан астам зерттеуші 835 жобаны іске асыру мүмкіндігін алды. Жас ғалымдарға тұңғыш рет 351 пәтер берілді. Ал биыл 140 тегін баспана табысталады. Дегенмен, ғалымдарды толғандырған мәселе әлі шаш етектен. Мәселен, шетелден жоғары технологиялы жабдықтар алуда қиындықтар жетерлік.Оны рәсімдеу, сертификаттау, реттеу біраз уақытты алады.  Саладағы олқылықтардың орнын толтыру үшін Үкімет басшысы жауаптыларға нақты тапсырма берді. Сала министріне  мемлекеттік органдармен бірлесіп  ғылыми қалашықтар құру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Әкімдіктер Ұлттық экономика, Ғылым, Қаржы министрліктерімен бірлесіп, өңірлер бөлінісінде ғылымды дамыту жөніндегі іс-шараларды декомпозициялау жұмысын жүргізуі қажет. Әрбір әкімдік ғылыми-технологиялық сессиялар өткізіп, ғылымды дамыту жөнінде кешенді шаралар қабылдауы тиіс.

 
Сондай-ақ, жыл соңына дейін цифрлық ғылым порталын іске қосуды жүктеді. Онда барлық ғылыми жобалардың, гранттардың, зерттеу нәтижелерінің дерекқорлары болады.