“AMANAT” партиясының "Бірге кітап оқиық" аманаты жалғасуда. Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов оқырмандарға «Қаныш аға осындай еді…» кітабын ұсынды.
“Бірге кітап оқиық” аманатының кезекті қатысушысы жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов болды. Оған жоба ережесі бойынша келесі кітапты таңдау мүмкіндігі берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жаппай кітап оқитын ұлтқа айналдыру идеясын қолдау мақсатында өзіміздің "Бірге кітап оқиық" жобасын жалғастырып жатырмыз. Бұл "AMANAT" партиясының «Кітап-AMANAT» жобасы аясында жүзеге асып жатыр.
Мереке Құлкенов алдымен бұған дейінгі талқыланған кітаптар бойынша пікірімен бөлісті. Аманаттың қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы мен Әзілхан Нұршайықовтың шығармаларынан басталғанын жоғары бағалады. Ол оқырмандарға Қалмұқан Исабайдың «Қаныш аға осындай еді…» кітабын ұсынды.
МЕРЕКЕ ҚҰЛКЕНОВ, ҚР ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:Қаныш аға туралы талай романдар жазылды, талай повестер жазылды, деректі шығармалар жазылды. Ал бірақ мына кішкентай кітаптың ішінде оның жан дүниесі бар. Қазаққа деген махаббаты бар. Сондықтан мына кітапты оқыған бала өзінің қазақ екеніне қуанады.
Туындыда белгілі ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевпен бірге 20 жыл уақыт өткізген Бөпежан Аяпбергеновтың естеліктері жазылған. Айта кетейік, игі іске әлеуметтік желіде қолдау білдіріп жатқандардың қатары көп.
ИНСТАГРАМ :- Иә, қарбалас қызу жұмыс үстінде кейде кітап оқуға уақыт таппай жатамыз, мына жоба енді дәл болды.
- Кітап оқу - сөздік қорымызды арттырады. Кітапқа деген оқушылардың қызығушылығын арттыруға арналған жақсы жоба екен!
- Өте керемет жоба! Жалғыз жолаушы сияқты сәтті болары сөзсіз.
"Бірге кітап оқиық" аманатын одан әрі жалғастыруды Мереке Әбдешұлы жазушы Төлен Әбдікке және Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке ұсынды.