$489.15 €533.47 ₽5.64
×

Оралдықтар жағалауды нығайту жұмыстарынан қорқып отыр

AstanaTV
12.03.2025ж. 20:00
65
Оралдықтар жағалауды нығайту жұмыстарынан қорқып отыр

Орал қаласының тұрғындары жағалауды нығайту жұмыстары дүние-мүлкіне зиянын тигізе ме деп қорқады. Осыған алаңдаушылық білдірген олар «AMANAT» партиясына шағымданыпты. Ал мамандардың айтуынша, Жайықтың жағасын су шайып, арнасы өзгерген өзен қалаға қарай жақындаған.  Бұған жол бермеу үшін жергілікті билік 1,6 млрд теңге бөліп, жағаны нығайту жұмыстарына кіріскен. Бұл үшін осы аумақтың ағашын отап, топырағын қазып шығарады. Бірақ ауыр техниканың қозғалысы тұрғындарды үрейлендіріп отыр.

ЮРИЙ КОБЗАРЕВ, ТҰРҒЫН:

Үйіміздің іргесінен жүк көліктері өткен кезде жер солқылдайды. Қазір олар мына жерден терең шұңқыр қазбақшы. Содан кейін жағаны бекітіп, нығайтамыз дейді. Бірақ бұған қарсымыз. Өйткені жағалаудан алып темір қазық қағуды бастаған кезде ескі үйлердің қабырғасы жарылып, бүлінері анық.


Тұрғындар шағымына «AMANAT» партиясының өкілдері құлақ түрді. Олар құрылыс жүргізіліп жатқан аумақты аралап, жағдаймен танысты. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, құрылыс жұмыстары кезінде бүлінген үй-жайға өтемақы төлеу мүмкіндігі қарастырылады.

МАХАМБЕТ СҰЛТАНҒАЛИ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ БҚОФ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:


Жергілікті тұрғындарды дүрліктірмеу үшін гүрсілдетіп қазық қаққаннан гөрі, бетондаған дұрыс сияқты. Былтыр су тасқынының кесірінен көп үйді су басып, біраз шығын келді. Ендігі мақсат - осыған жол бермеу. Сондықтан бұған тараптар түсіністікпен қарайды деген ойдамын.