$489.15 €533.47 ₽5.64
×

Ресей мен Украина арасындағы соғыс 30 күнге тоқтауы мүмкін

12.03.2025ж. 20:00
68
Ресей мен Украина арасындағы соғыс 30 күнге тоқтауы мүмкін

Украина мен Ресей арасындағы соғыс бір айға   тоқтауы мүмкін. Бұл туралы Сауда Арабиясында келіссөз жүргізген АҚШ делегациясы мәлімдеді.  Украина да оны растады. Бұл туралы журналистерді жинап алып, сұхбат берген Трамп сол сәтте Илон Масктың Кибертрак электромобилін сатып алды. Ондағы мақсаты -акцияларының құны түскен кәсіпкерге қолдау көрсету. Ал Филиппиннің бұрынғы президенті Родриго Дутерте Халықаралық Қылмыстық Соттың ордерімен қамауға алынды. Әлемдегі басты жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

АҚШ пен Украина делегациялары Джиддада үлкен келіссөз жүргізді. 2022 жылдан бері алғаш рет ұрыс әрекеттерін тоқтату жайы  талқыланды. Украина мен АҚШ өзара мәмілеге келген сыңайлы. Трамп   бұл туралы, енді шешімді Ресей қабылдайды. Қанағаттанбаса, Украинаға көмекті арттыра түсеміз, - деп сес көрсетті.

МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

Бірінші кезекте, Украинамен келіссөз жүргізуіміздің себебі – олардың қандай қадамға бара алатындығын бағамдау. Осы соғысты тоқтату үшін Украинаның ұстанымдарын түсінуіміз керек. Егер, Ресей де, Украина да осы жолда нақты қадам жасамаса, бұл қантөгісті тоқтату мүмкін емес.


Дональд Трампты қолдаған миллиардерлердің барлығы ақшасынан айырылуда. Әсіресе, Илон Макстың шығыны шаш етектен. Тесла компаниясының акциясы 15 пайызға арзандап, бір күнде 30 млрд доллардан қағылды. Себебі, АҚШ халқы жаппай тесладан бас тартып наразылығын білдіруде. Сол себепті, АҚШ Президенті өзіне, су жаңа Кибертракты сатып алып, АҚ үйде жарнамалық акция жүргізді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен бұны тоқтатамын. Себебі, адамдар Ұлы америкалық компанияға зиян тигізіп жатыр. Илон Макс өз басын қатерге тігіп, еліміз үшін аянбай еңбек етуде. Ал, солшыл-радикалдар болса, заңсыз бойкот ұйымдастырған. Олар естерінен адасқан. Біз бұл ақымақтардың кім екенін де анықтадық. Көп ұзамай, оларды жауапқа тартамыз.


79 жастағы Филиппиннің экс-Президенті Родриго Дутерте ел астанасы Манила әуежайында қамауға алынды. Халықаралық Қылмыстық Сот ордерімен құрықталған Дутерте жақын арада Гаагаға жөнелтілмек. Оған өз қызметін асыра пайдаланып, есірткі сатушылармен күрес ұранымен қарапайым халықты қырды деген айып тағылып отыр. Дутерте болса, өз кінәсін мойындамады.

РОДРИГО ДУТЕРТЕ, ФИЛИППИН ЭКС-ПРЕЗИДЕНТІ:

Менің одан да өлгенім артық. Халықаралық Қылмыстық Соттың Филиппинде құзыреті жоқ. Сондықтан, бұл заңсыз. Ел билігінің мені қамауға алуына ешқандай құқығы жоқ.


Филиппин билігінің ресми мәліметінше, Дутерте жариялаған есірткімен күрес науқанында 6252 адам өлтірілген. Айта кетейік, экс-президенттің қызы Сара Дутерте-Карпио вице-президент болып тағайындалған еді. Алайда, жуырда оған импичмент жарияланды.