Министрлер депутаттардың “давлениесін” көтерді. Мәжілісмендерді жауаптылардың жауапсыздығы әдбен мезі еткен. Халық қалаулылары осыдан кейін, амал жоқ, ашу басатын дәріні қалтамыздан тастамайтын болдық дейді. Қан қысымды көтерген қай министр? Препаратын түгендеген Парламент өкілінің қазір жағдайы қалай? Мәжілістің кезекті отырысы туралы әріптесім Аружан Задабек жалғастырады.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды». Осылай деген депутаттар бірнарсені өзгерте қойайық десек, Үкіметтегілер мән бермейді деп ренжіді. Қанша сауал жолдап, ұсыныс айтса да үнсіз қалатындарына наразы. Көз қырын салды дегеннің өзінде жауабы қате, тірлігі шала. Бұған мәжілісмендердің де еті үйреніп кеткен. Қалталарына қан қысымын түсіретін дәріні салып алып, өз-өздерінің ашуын басады.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Бұл сынға министрлік өкілдерінің мұрты да қимылдамады. Бірінші сыныпқа барған баладай былдырлап, білмейтінін ашып айтты. Айды аспаннан бір-ақ шығармайын деді де, әдетіне басып, баяғыша жауап қатты.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Жауаптылардың үйреншікті сөзі –осы. Кез-келген тығырықтан шығу үшін «кейінмен» шектеледі. Бұл – олар үшін кәдімгі өзгертуге болмайтын формулы сыңайлы. Мұндай жауаптан бәрінің мезі болғаны сонша, Төрағаның өзі сөгіп тастады.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Мұндай нақты сұрақ депутаттарда көп. Алдына келіп тұрған Үкімет мүшесін жай жіберсін ба, жан-жақтан сұрақ қойып, жұлмалады. Нартай Сәрсенғалиев «елге тыныштық сыйлай аламыз ба, жоқ па?» деп ашынды. Былтыр еліміз алапат су тасқынының астында қалып, еліміздің тең жартысын су басты. 10 облыста төтенше жағдай жарияланды. Болар іс болды дейміз ғой. Ал қорытынды бар ма? Мемлекет басшысы Су, Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп жұмыс атқармайтынын, жауапкершілік алудан қашатынын айтып, сынаған. Биыл тағы сөз естімеуіне кім кепіл?
НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
"Биыл Қазақстанда бірде-бір елді мекен су астында қалмайды" деп, елге тыныштық сыйлай аламыз ба, жоқ па? Өйткені сіздер 1253 елдімекен су астында қалуы мүмкін деген ақпарат тараттыңыздар.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Министрлік өкілдері «бәрі дайын» деп сендірді. Өкініштісі, өткен жылы да осы жауапты естігенбіз. Баяғы жартас, сол жартастын күйін кешіп, сценарий тағы қайталанбаса болғаны. Өзге депутаттардың да өзегін жарған сауал көп. Әсіресе Ринат Зайытов ерекше дайындалып келіпті. Телефонына келген хатты оқығанда, жаға ұстатты.
РИНАТ ЗАЙЫТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
20 жылдан асты жедел-жәрдемде жүргеніме. Бұл Қарасай ауданы қызметкерінің хаты. 28 автокөліктің орнына 9 автокөлік жүр. Ешкімге ештеңе керек емес. Біз шақырған науқастарға 5-6 сағатта барамыз. Науқастардың өліп кеткен жағдайы да болған. Өтініш жәрдем беріңізші. Жедел-жәрдем қызметкері.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Ал, Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев бұған дейін депутаттар тарапынан түскен ұсыныстарға жауап берді. Білім беру, денсаулық сақтау, экономикаға қатысты мәселелерге тоқталды. Уақыт белдеуіне қатысты да пікірін білдірді. Оның өзгеріссіз қалатынын, керісінше, кей аймақтарда жұмыс уақытының өзгеретінін хабарлады.
ЕРМЕК КӨШЕРБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Тұрғындарға тиімді болуы үшін жұмыс уақыты өзгертіліп, 17:30-ға қарай аяқталатын болды. Нәтижесінде қалған уақытты тұрғындар жеке басына, отбасына, балаларына арнауға көбірек мүмкіндік алып отыр.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Қызу талқымен өткен жиынды Ерлан Қошанов қорытындылады. Мәжіліс Төрағасы жұмыстың шаш етектен екенін айтып, мемлекеттік органдар бұл мәселелерді дереу шешу қажет екенін айтты.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
«Қоштасудың қиыны-ай» деген депутаттар министрлермен қоштаса алмай әлек. Бірі уәжімді айтып үлгермедім десе, енді бірі берген жауабына қанағаттанбағанын айтып әуре. Сұраққа таланған жауаптылар «Әттең атарға оғым жоқ» дегендей Парламент залынан бастарын салбыратып әрең шықты. Әлгі депутаттың жанқалтасында жүрген қан қысымының дәрісі енді өздеріне керек секілді.