Елімізде баспана бағасы шарықтап барады. Тек жаңа тұрғын үйлер емес, қайталама нарықтағы пәтерлердің өзі шамамен 6 процент қымбаттаған. Сондықтан болар, үй сатып алушылардың саны едәуір азайды. Осы және өзге де ақпараттар "Экономика" топтамасында.
Қайырлы кеш! Эфирде "Экономика". Студияда мен Сүндет Оралбек.
Елімізде стоматологтарға сұраныс артып жатыр. Былтыр тіс дәрігерлері 209,9 млрд теңгеге қызмет көрсеткен. Бұл -соңғы төрт жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Төленген ақшаның 80 пайызы -халықтың жеке қаржысы. Ал қалған сомманы мемлекет пен компаниялар өтеген. Мамандар қызмет көлемінің өсуіне бағаның да шарықтауы әсер еткенін айтады. Құны соңғы 4 жылда жыл сайын орта есеппен 11 процентке қымбаттаған.
Баспана бағасы аспандап жатыр. Бір жылда жаңа тұрғын үйлер 4,8 процентке көтерілді. Әсіресе,Павлодар мен Көкшетауда едәуір қымбаттады. Шамамен 15 пайыз. Ал қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы өткен жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға өсті. Өңірлер бөлінісінде Атырау көш бастады. Онан кейін Қонаев қаласы тұр. Үй қымбаттағасын болса керек, сатып алушылар саны азайып жатыр. Ақпанда сауда бойынша 29 мың мәміле тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға аз.
18 жасқа толған балалар Ұлттық қордан ақшаларын ала бастады. 75 мыңнан астам өтініш қабылданып, оларға 8 миллион доллардан астам қаржы аударылған. Бұл тек бір жылдың нәтижесі! Ақшаны екі негізгі мақсатқа жұмсауға болады. Білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға. Бірақ, қаражат қолға берілмейді. Уәкілетті операторларға жіберіледі. Айта кетейік, инвестициялық табыс өскен сайын, Ұлттық қордан балаға аударылатын қаражат көлемі де арта береді.
Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында доллар бүгін біршама арзандады. 487 теңгеден саудалануда. Еуро 533, Ресей рублі 5,72 теңге болды.
Мендегі бар ақпарат осы. Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар!