Астанада жаңа стадион салынады. Құрылысқа елге қайтарылған активтерден 17,3 млрд теңге бөлінген. Енді Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы ескі стадионың орнына жаңа ғимарат бой көтереді. Бұл спорт нысаны 1936 жылы салынған. Ескі ғимарат жарамсыз болғандықтан, толық бөлшектелген. Жаңа нысан құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Стадион мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орындарды қоса алғанда, 3598 орынға есептелген. Ол UEFA халықаралық стандарттарына сай жасақталады. Айта кетейік, Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, заңсыз иемденілген активтер есебінен әлеуметтік маңызды инфрақұрылым салу жобаларын жүзеге асыруда. Бүгінде түрлі өңірлерде әлеуметтік маңызы бар 16 нысан салуға Арнаулы мемлекеттік қордан 82 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.