Өз анасын қатігездікпен өлтірген 30 жастағы Явленка ауылының тұрғыны Константин Белопухов Петропавл сотының шешімімен мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Ол Талғар маңындағы психиатриялық ауруханада ем қабылдайды, деп хабарлайды Orda.kz.
Qazaqstan Media басылымының мәлімдеуінше, Белопухов – Қазақстан азаматы, бірақ ұзақ жылдар бойы Ресейде тұрған. Ол туған жеріне анасын көруге келген. Алайда кезекті сапары кезінде қайғылы оқиға болды.
«Ауыл тұрғындарының айтуынша, сол күні Константин Белопухов анасынан "жын шығармақ" болып, оны өлімші етіп сабаған. Әйел алған жарақатынан көз жұмған. Кейін ұлы оны өз үйінде өртеп жібермек болған» деп жазады Qazaqstan Media.
Белопуховтың сот процесі жабық өтті. Тергеу барысында оның созылмалы психикалық аурумен ауыратыны анықталды. Осы себепті ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, мәжбүрлі түрде психиатриялық ауруханаға жіберілді. Сонымен қатар, Белопухов емдеу мекемесіне сот үкімінен бұрын жатқызылғандықтан, үкім жарияланған кезде залда болмады.
Белопухов мәжбүрлі емдеуді Алматы облысы Талғар ауданы Ақтас ауылындағы республикалық арнайы психиатриялық ауруханада өтейді.
Бұған дейін сот мәйітхана санитарын да мәжбүрлі емдеуге жіберген еді. Ол қайтыс болған адамдардың денесін зорлап, бұл әрекетін видеоға түсірген.