Түркістан облысында кәмелетке толмаған 16 қыз ағалары мен туыстарынан бала туған. Зорлық-зомбылыққа ұшырағандармен тілдескен психологтар қыздардың жанайқайын естіп, жағасын ұстапты. Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева «Жасөспірім қыздардың құқығын қорғау, ерте жүктіліктің алдын алу» тақырыбында Сенатта өткен дөңгелек үстелде айтты. Зәбір көргендердің көбі өздері зорланып жатқанын білмегенін айтқан. Өйткені, бүкіл отбасындағы балалар осылай өмір сүреді деп ойлапты. Олар бастан кешкен қасіреттерін ата-анасына, жақындарына, мектептің психологына айта алмаған. Депутаттар профилактикалық шараларды күшейтіп, жастарды хабардар ету деңгейін арттыру керек дейді.
АЙНҰР АРҒЫНБЕКОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Біздің мектептерде репродуктивті денсаулық мәселелерін егжей-тегжейлі қамтитын пән жоқ. Бұрын валеология курсы болды, бірақ ол факультативтік болды, оның мазмұны көбінесе мұғалімге байланысты болды. Көптеген мұғалімдер қандай тақырыптарды көтеру керектігін білмеді. Біз тек қыздар туралы ғана емес, ұлдар туралы да айтуымыз керек. Репродуктивті денсаулық - бұл жүктілік және босану туралы білім ғана емес. Осыны жастарға заманауи түрде түсіндіру керек.