$505.15 €550.31 ₽5.89
×

Оралда жолды еріген қар суы шайып кетті

AstanaTV
13.03.2025ж. 20:00
89
Оралда жолды еріген қар суы шайып кетті
Оралда еріген қар суы жолды шайып кетті. Көлік қозғалысы тоқтады.  Төтеншеліктердің айтуынша,  жақын маңайдағы елдімекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.  Дегенмен 14 наурыздан бастап күн күрт жылынады. Сол кезде қауіп күшеюі мүмкін.

Уатсапп желісі арқылы түнде тараған бұл  видео тұрғындардың үрейін ұшырды. Кейін қала шетіндегі елдімекенге салынған тас жолдың үстінен су ағып жатқаны анықталды. Үйіне асыққан тұрғындар осының кесірінен біраз уақыты жолда кететінін айтып өкпелі.

БАУЫРЖАН БАҚТЫГЕРЕЕВ, ТҰРҒЫН:

Былтыр жасалған жол еді, мынау үстінен су шайып кетіп жатыр. Астынан бір-екі кольцо салып кетсе, мынадай бейнет туғызбас еді. Пробка жасап, айналып өтіп жатыр халық деген. Ана светофор деген пробка, арты шұбалып ана дамбаға шейін пробка жасайды.

Екі ықшамауданның арасына жайылған су қазір арнайы құрылғымен сорылып жатыр. Кейін өз арнасымен ағып, Шаған өзеніне құяды.

ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:

Былтыр пайдалануға берілген бұл жодың үстімен қазір көлік емес, еріген қар суы өтіп жатыр. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін бұл маңайдағы қозғалыс түгел шектеліпті. Ал төтеншеліктер оларға төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ дейді.

Тасқынның алдын алу жөніндегі қалалық штабтың жедел желісіне жүздеген қоңырау түскен.  Олардың ішінде ауласын су басып хабарласқан тұрғындар да бар.

НҰРЖАН ҚУАНОВ, БҚО ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ:

Бүгінгі күнге дейін барлығы 929 мың текше метр қар шығарылып, 90 мың текше метр су сорылып, 11820 ойық, 4 мың метрде мұз кесу жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар «Қазгидромет» мәліметі бойынша 14-16 наурыз аралығында БҚО-да ауа райының температурасы +10, +16 градусқа жоғарылауы, өзендерде су деңгейінің көтерілуі күтілуде.

Өңірдегі су тасқыны үш кезеңмен өтеді. Қазір алғашқысының өзі осылай әбігерге салып отыр. Тасқынға тосқауыл қою үшін 2 мыңға тарта арнайы техника дайындалып, 4 мыңнан астам сарбаз сақадай сай тұр.

БАҚЫТЖАН НАРЫМБЕТОВ, БҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әскери құрылымдарымыз - Ұлттық гвардия, ТЖМ батальоны, сонымен қатар аумақтық қорғаныс бригадасының әскери құрылымдарының жеке құрамы дайын тұр. 100 мыңға жуық топырағы бар қапшық қапталды. Біздің алдымызда тұрған міндет - өңірдегі бірде бір үйді суға кетірмеу. Осы мақсатта барлығы бізде сақадай сай.

Бүгін өңірде мұз жару жұмыстары басталды. Ал Ресейдегі Ирикла суқоймасынан 1-2 млрд текше метр көлемінде су келеді күтіліп отыр. Егер болжам расталса, биыл су тасқыны былтырғыдай қауіпті болмайды деген үміт бар.