Трамп Еуропалық Одаққа да, Канадаға да ресми түрде сауда соғысын жариялады. АҚШ Президенті тиісті жарлыққа қол қойды. Кәрі Құрлық саясаткерлері де шетте қалмаймыз, - деп ағынан жарылды. Ал, әлемдегі ең үлкен арал – Гренландияда оңшыл партиялар парламенттік сайлауда жеңіске жетті. Әлемдегі басты жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолды.
Сауда соғысын біз бастаған жоқпыз, бірақ қарымтасын қайтарамыз. 3 тарап та осылай деп бір-біріне үндеу жасады. Алғашында Трамп Канададан келетін болат пен алюминийге 25 пайыздық БАЖ салығын енгізді. АҚШ Президенті бұл Канаданың электр энергиясына салған салығының кесірі дейді.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен сауда министріне бүгін Канададан келетін тауарға салынатын салықты мүлде 50 пайызға ұлғайтуды тапсырдым. Олар ауыл шаруашылық және энергетика салаларындағы тарифтерін алып тастап, 51 штат ретінде біздің қатарымызға кірсін.
Канада да оңайлықпен берілетін түрі жоқ. Вашингтонға жауап ретінде ел билігі тағы бірнеше шараларды қабылдап жатыр. Атап айтсақ, құны 19 млрд доллар болатын салық салған.
МЕЛАНИ ЖОЛИ, КАНАДАНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Бұл аласапыранды біз бастаған жоқпыз. Бірақ, қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Біздің металлургия саласы АҚШ экспансиясының нысанына айналып келе жатыр. Біз соңына дейін барамыз.
Трамптың қаһары Еуропаға қарсы да бағытталды. Осыған орай, Еуропалық комиссия да Трамптың бұл әрекетін жауапсыз қалдырмаймыз, - деген мәлімдеме жасады. Германия канцлері Олаф Шольц та Кәрі құрлықты бірлесе әрекет етуге шақырды.
ОЛАФ ШОЛЬЦ, ГЕРМАНИЯ КАНЦЛЕРІ:
Қазіргі заманда саудадағыв кедергілерді жою керек. АҚШ болса, кедергі жасаумен айналысып жатыр. Біз тез арада жауап қайтаруымыз керек. Жоқ жерден салық салу – ақылға қонбайды.
Гренландияда парламент сайлауы аяқталды. Әлемдегі ең үлкен аралда оңшыл партиялар жеңіске жетті. «Демократтар» оппозициялық партиясы 30 пайызға жуық дауыс жинады. Одан бөлек, АҚШ-пен жақындасуды қолдайтын «Налерак» партиясы екінші орынға жайғасты. Бұл ұйым Дональд Трампты қолдап, АҚШ құрамына кіру туралы да үндеу жасаған. Айта кетейік, Гренландия – Данияға тиесілі арал. Тәуелсіздік алу мәселесі соңғы 20 жыл бойы көтеріліп келе жатқанымен, нақты саяси қадам жасалмаған. Себебі, осы уақытқа дейін билікте Еуроцентристік көзқарастағы партиялар билік басында болды.