$505.15 €550.31 ₽5.89
×

"Ұлттық құрылтай ұлтты ұйыстырған алаңға айналды", - депутат

13.03.2025ж. 20:00
116
"Ұлттық құрылтай ұлтты ұйыстырған алаңға айналды", - депутат

Бүгін Бурабайда 4-ші ұлттық құрылтай басталды. Екі күнге жалғасатын жиында кеңес мүшелері ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын өзекті мәселелерді талқыға салуда. Ұлт ұясы Ұлытаудан бастау алып, тарих төрі Түркістанда, айшықты Атырауда өткен алқалы жиын Абылай ханның алтын төрінде жалғасын табуының символдық мәні зор.  Сарапшылар осылай дейді.

Ұлттық құрылтай -ұлтты ұйыстыратын алаң. Онда көтерілген мәселелер шешімін тауып, жыл өткен сайын тақырып аясы кеңіді, айтылатын салмақты ой ұлғайды. Жәй жиын емес, көпті толғандырған мәселені жалқының тілімен жеткізетін жерге айналды. 4-ші рет бас қосқан кеңес мүшелері Бурабайда түрлі секцияларға қатысып, пікір алмасты. Азаматтық қоғам, Мәдениет пен руханият, өнер, әлеуметтік экономикалық даму, білім және ғылым cалаларында мәселелерді қозғап, шешу жолдарын талқылады. Жыл өткен сайын кеңес мүшелерінің  белсенділігі артуда.   Ұлытауда өткен алғашқы жиында 42 ғана ұсыныс түскен. Ал Түркістанда 106, Атырауда 149 пікір айтылды. Бұл кеңес құрамы мен мәселені жеткізу моделі жетіле түскенін айғақтайды.

ЖАРҚЫНБЕК АМАНТАЙҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Әр жолғы көтерілген мәселелердің саны мен сапасына қарай өлшемін алып қарасаңыздар, ұлғайып келе жатқаны, ауқымының кеңейіп келе жатқандығы көрінеді. Бұл дегеніміз жаңа мінбер, мемлекеттің ішіндегі мәселелердің, жаңа бетбұрыстардың  шешімі қабылданатын, қадамы жасалатын үлкен алаңға айналғандығын көрсетеді.


Атырауда өткен құрылтайда Мемлекет басшысы қоғамға қауіпті бес кесел  – нашақорлық, құмар ойын, зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдықпен күреске ерекше көңіл бөлген болатын. Осы жұмыс аясында Парламент Ұлттық құрылтай мүшелерімен бірлесе отырып, есірткі бизнесіне бақылауды күшейтуге, ойын бизнесін реттеуге, әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға, вандализмге қарсы тұруға бағытталған  9 заң қабылдады. Бұл шаралар «Заң мен тәртіп» қағидасына сай келеді.

САУЫТБЕК ӘБДІРАХМАНОВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

Әр құрылтайда үлкен-үлкен мәселелер қаралды. Елеулі шешімдер қабылданды. Ертеңгі өтетін Бурабай құрылтайынан да біз жақсылық күтеміз, жаңалық күтеміз. Елдің өмірінен ашылатын жаңа көкжиектер күтеміз. Сондағы айтылған ойтолғамдар, пікірлер еліміздің дамуына серпін қосады деп толық сенеміз.


Құрылтай нәтижесінде қабылданған өзгеріс жетерлік. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысында жаңа аудандардың құрылуы – Ұлттық құрылтайдың жемісі. «Қазақстанның халық жазушысы» атағы қайта жарыққа шығуы  оң нәтиже санатында. «Наурыз» бағдарламасы да халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға қосылған тамшыдай үлес. Еңбек адамына көрсетіліп жатқан құрмет те құрылтайдан бастау алған. Елімізде Ұлттық кітап күні белгіленді. 105 Жайлы мектеп бой көтерді, биыл тағы 112-сі салынады.  Ертеңгі жиыннан да күтеріміз көп.  Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады. Талайды толғандырған тағы біршама түйткілдің түйіні тарқайды.