Марқұмды жер қойнына тапсыру да бизнеске айналды. Сенатор Андрей Лукин жерлеу қызметтерінің құнын реттеуді сұрап, дабыл қақты. Сөзінше, аталған салада мәселе шаш етектен. Олардың ішінде заңсыз жұмыс істейтін жерлеу бюролары мен зираттарды күтіп-ұстау проблемасы бар. Ал мемлекеттік бақылау жоқтың қасы. Зираттарды жеке меншікке беру бағаның өсуіне, учаскелерді заңсыз сатып, рұқсатсыз эксгумацияға әкелуі мүмкін. Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында сенатор бірқатар ұсынысын айтты.
АНДРЕЙ ЛУКИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Қазір елордада жерлеудің құны республика бойынша ең төмен. Бірақ жекешелендірілген жағдайда, жеке меншік компаниялар бағаны көтеретіні анық. Мысалы, COVID-19 пандемиясында кейбір жеке компаниялар бір адамды жерлеу үшін 1 миллион теңгеге дейін сұраған. Зираттардың тек мемлекеттік меншік объектісі ретінде заңнамалық деңгейде бекітілуін ұсынамын. Марқұмдарды жерлеуге байланысты қатынастарды реттеу және жерлеу ісінің құқықтық негіздерін айқындау мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдарға «Қазақстан Республикасындағы жерлеу және жерлеу ісі туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсырған жөн деп санаймыз.