Сенатор Марат Қожаев жүргізуші куәлігін беру тәртібін қатаңдатуды ұсынды. Депутаттың сөзінше, Қазақстанда көлік жүргізуге рұқсат беру процесі тым жеңіл. Былтыр елде 31 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. «Жол апаттарының жиілеуінің негізгі себептерінің бірі – жүргізушілерді дайындау деңгейінің төмендігі»,- дейді ол. Сондықтан жаңа жүргізушілер үшін сынақ мерзімін енгізуді ұсынады.
МАРАТ ҚОЖАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Өкінішке қарай, бүгінде жүргізушілерді дайындайтын мекемелер мемлекеттік бақылаудан тысқары қалып отыр. Ондағы оқу үстіртін өтетіні жасырын емес. Оқу бағдарламаларын қайта қарау қажет. Мамандандырылған көліктері мен дұрыс автодромы жоқ мекемелер де аз емес.