Елімізде аяқ киім импорты азайған. Былтыр республикада 25 млн-нан аса аяқ киім сатылды. Статистика деректері мұндай төмен көрсеткіш 2011 жылы тіркелгенін айтады. Шетелден келетін өнімнің азаюына отандық тауардың еш қатысы жоқ. Онда сауданың азаюына не себеп? Тілшіміз тарқатады.
«Дүниенің кеңдігінен не пайда, аяқ киімің тар болса». Расында киген кебісің аяғыңа қонымды болмаса, мазаң кетеді. Бір мезгілге жетпей тігісі ашылып, табаны ақтарылып қалса, не жаңасын алуға асығасың, қалтаң көтермесе, жамап киесің. Қазір елімізге сырттан келетін аяқ киімдердің сапасы артты ма, әлде қымбатшылық бүйірден қысқаны ма, әйтеуір аяқ киім саудасы тұралап тұр.
Статистикаға сүйенсек, 2023 жылы Қазақстанға шамамен 44,4 млн жұп аяқ киім әкелінген. Ал былтыр бұл көрсеткіш 24,9 млн болды. Жылдан жылға көрсеткіш 44 пайызға төмендеген. Өткен жылы елімізде 25,2 млн жұп аяқ киім сатылған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш екі есеге жуық төмендеген.
Астаналықтар басқа-басқа аяқ киімнің сапалысын алуға тырысатын көрінеді. Қыс ұзақ әрі, қатты болатындықтан кемі 2-3 жылға жарайтын етік аламыз, дейді.
БЛИЦ:
- Күтіп қарасаң 5-6 жыл киесің ғой, сапасы бар аяқ киімді. Сапасы болмаса, бір жыл сайын лақтырасың, бір сезон ғой киетінің.
- Бағасына да, сапасына да байланысты. Білмеймін мен, өзім базардан аяқ киім алып киіп көргенім жоқ.
- Крассовканы азырақ уақыт киеміз. Турецкий аяқ киімді 2-3 жыл киемін.
- Бағасына қарай сапасы ғой. Мен мысалы мына аяқ киімді 18 мыңға 5-6 жыл бұрын алғанмын. Киіп жүрмін әлі тастағаным жоқ. Оны қайта-қайта ауыстыра беруге менің жағдайым жоқ.
Базар сатушылары қазір саудадан мән кеткенін айтады. Әйтеуір күнделікті шай пұлын шығару үшін жұмысқа шығып, жан бағып отыр.
САТУШЫ:
Аяқ киім де, жай киімдер де сондай болып кетті. Бәрі Қытайдан алып келіп, өздері арзан етіп сатып, 2 мың теңгелік етіп шығарып жібереді. Олар көпке шыдамайды. Арзан базарлар да, магазиндер де, онлайн да көбейіп кетті ғой. Сауда бұрынғыдай жоқ. Қазір бәрі онлайн болып кеткен.
Расында базарда самсап тұрған бәтеңкелердің барлығы Қытайдыкі. Жалпы елімізде қолжетімді аяқ киімнің барлығы импорттық өнім. Ал отандық өнім өте қымбат. Оның үлесі небәрі 4 пайыз. Яғни сөредегі 100 аяқ киімнің 4-уі Қазақстанда жасалған.
ЕРҒАЗЫ ТҮЙЕБАЕВ, ЕТІКШІ:
Сапасы жоқ қазір аяқ киімнің. Барлығы китайский. Ал өзімізде шығып жатқаны қарапайым адамдардың қолы жетпейді. Кожа дорогая. Кожаның бәрін Турциядан, Россиядан алып келеді. Италиядан алып келеді. Ол өте қымбат. Ол ручная работа ғой. Қарапайым адамдар оны ала алмайды.
Аяқ киім саудасының саябырсуына әлеуметтік желідегі жұртшылық қымбатшылық пен тауарды таңбалау әсер етуде деп ой түйген. Өткен жылғы ресми деректерге сүйенсек, саладағы көлеңкелі экономика 48 пайызға жеткен. Яғни, әрбір екінші аяқ киім елге заңсыз әкелінетінін аңғартады.