$495.28 €538.32 ₽5.77
×

Мектеп пен балабақша күзетшілеріне талап күшейеді

13.03.2025ж. 20:00
72
Мектеп пен балабақша күзетшілеріне талап күшейеді

Мектепте оқыс оқиға көбейді. Соңғы кездері балаларды ұрып кетті, ұрлап кетті, ғимаратқа баса-көктеп кірді деген ақпаратты жиі еститін болдық. Бұл мәселені шешу үшін министрлік мектеп пен балабақшадағы күзетшілерге талапты күшейтпек. Енді қылмыс жасап, жазасын толық өтегендер де оқу орындарына қызметкер орналаса алмайды. Осы және өзге де өзекті тақырыптар «Өзекті» айдарында. Тізгінді әріптесім Аружан Задабекке беремін.

Ар ма, көрермен! Өзгені де, өзімді де алаңдатқан маңызды тақырыптарға алдағы бірнеше минутта тоқталамын. Экраннан алыстамаңыз!

Қолымда күзетшіге керек құралдар тұр. Дубинка, рация. Оқыс оқиға бола қалса осымен-ақ қорғана алуы тиіс. Ақылға қонымсыз, иә? Бірақ біздің елдегі талап осыдан әрі аспайды. Жасына да мән беріп жатқан жан жоқ. Байқасаңыз, айналамызда көз көрген күзет қызметкерінің бәрі егде жастағылар. Осыдан келіп мына сұрақ туындайды. 50-ді еңсеріп, 60 алқымдағандар мына сіз бен бізді, жоқ, басқаны айтпағанда өзін қорғай ала ма? Әкімдік, басқарма, министрліктегі күзетшілер жып-жинақы. Жас жігіттер жабдықталған. Ал, болашағымыз дейтін балаларды кім күзетіп жүр? «Аталар». Ешқандай ережені білмейді. Сайманы да сайланбаған. Бәлкім, мектепте тәртіп бұзушылықтың көбеюіне осы себеп шығар. Бұл министрліктің миына әйтеуір жетті-ау. Талапты күшейтеміз деп бекініпті.


-  Талап керемет. Жалақысы масқара! 80-90 мың, таңғы 7-ден кешкі 7-ге дейін кім келеді күзетке? Зейнеткер ата келмесе 70-тен асқан.
- Айлығы мардымсыз жерге кім барады? Бәрі спортсмен болса, күзетте несі бар? Айлықтары 80-90 мың.
- Мектепте аталар күзетші, 60-та. Мектепте төбелес, бір жағдай орын алса бірінші қашып кетер аталар, шамасы жетпеген соң.


Желіден осындай видео шыққан сайын бетті басып, кірерге тесік таппай қиналатын деңгейге жеттік. Жұрт «тегін» дегенді естісе болды жүгіре беретін болды. Тыныш барып, тыныш келсе мейлі ғой, әйтеуір осындай қырғын шығып, көпке мазақ боламыз да жатамыз. Шымкентте Садраддин тегін концерт берген. Әңгіменің әлқиссасы осыдан шығып отыр.  Бір-бірін жұлмалап, ары-бері итерген халық желідегілердің назарын аудартпай қоймады. Орынға таласқан жұрт бір-бірінің шашынан жұлып, аяқайға басудан да тайынбапты.

- Қазақстанда тегін ешнәрсе жасамаңыздаршы, өтініш! Халық таптап тастайды бір-бірін.
- «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, мынаның көкесін ертең наурызда бауырсақ таратқанда көреміз. Халайық, аш адамдар сияқты, әлемге ұятқа қалмай, сабырлы болайық. Интернетті бүкіл әлем қарайды.
- Не болды сонша? Ар-намыс деген қалмады ғой біздің халықта. Бір-бірін жеп қояды ма екен, неге сонша осындай болып кетті?


Көшеде осылай садақа жәшігін ұстап арлы-берлі жүретіндерді жиі көреміз. Оған көз үйренгелі қашан?! Ал, әлеуметтік желіде жағдайы жақсы бола тұра теңге тілейтіндер туралы пікіріңіз қандай? Менің ше, оларды мына мысалмен суреттеуге болады. Тап-таза суға бір тамшы кір суды тамызсаң, түсі бірден өзгеріп шығады. Желідегі «қайыршылар» тақырыбы осыған ұқсас. Мұндай азаматтардың өтірігін жиі көргеннен шын мұқтаждарға деген сенім азайып кетеді.


- Аяқ-қолдары бүтін. Осылардікі жайшылық па?
- Міндет қой өмір сүріп жатқаны.
- Мынауың жақсы жұмыс екен.


Құрметті көрермен, сіздер үшін жиып-теріп келген тақырыптарым осы. Келесі кездескенше!