Астанада мемлекет меншігіндегі жер телімдерінде заңсыз орнатылған сауда павильондарын (дүңгіршектер) бұзу жұмысы жалғасып жатыр. 2025 жылдың басынан бері 49 нысан алынып тасталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Сауда павильонын орналастыру үшін кәсіпкерлер "Astana" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы" АҚ-ға өтінім беруі керек. Осылайша заңды бұзбай кофе, гүлдер, газеттер, кәдесыйлар, азық-түлік және басқа да тауарларды сатуға арналған дүңгіршектерді орнатуға болады.
Заң нормалары мен санитарлық талаптарды сақтау мақсатында Астананың алты ауданында заңсыз орнатылған нысандарды анықтау және демонтаждау жұмысы тұрақты жүргізілуде.
Мәселен, Алматы ауданында жыл басынан бері заңсыз орнатылған 24 сауда павильоны бұзылды.
Нұра ауданында Қ.Мұхамедханов пен Р.Бағланова көшелеріндегі 2 павильон алынып тасталды.
Есіл ауданында мемлекеттік жер телімдерінде орналасқан 3 заңсыз нысан жойылды. Заң бұзу көбінесе көкөніс және фастфуд павильондарында, дөңгелек жөндеу орындарында және балмұздақ сататын дүңгіршектерде анықталды.
Сарыарқа ауданында 7 сауда нысаны жойылды.
Сарайшық ауданында заңсыз орнатылған 7 сауда нысаны жойылды. Бұл нысандар жер заңнамасын бұзып қана қоймай, тұрғындарға айтарлықтай қолайсыздықтар туғызып, жаяу жүргіншілердің жүруіне кедергі келтірген.
Байқоңыр ауданында заңсыз орнатылған 6 сауда нысаны жойылды.
Еске сала кетейік, сауда орындарын рұқсатсыз орналастыру жер заңнамасын бұзу болып саналады және айыппұл салуға әкеп соғуы мүмкін:
жеке тұлғалар үшін – 75 АЕК;
шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 100 АЕК;
ірі кәсіпорындар үшін – 700 АЕК.
Әкімшілік жауапкершілікке тартылмас үшін кәсіпкерлер алдын ала рұқсат алып, "Astana" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы" АҚ-ға өтініш беру арқылы барлық құжатты толтыруы қажет.