$474.83 €515.38 ₽5.5
×

EXPO көрмесі «үйде қамалып отырмау» керектігін көрсететін шара.

AstanaTV
17.06.2017ж. 20:00
1737
EXPO көрмесі «үйде қамалып отырмау» керектігін көрсететін шара.

EXPO көрмесі «үйде қамалып отырмау» керектігін көрсететін шара. Ешкім өзін «ақылым аз» деп санамайды. Әйтсе де, адамзат көшінің басында болмағандықтан, көштің басындағылар «көшті бастауға қалай шықты» дегенге және көштің соңындағылардың шансы неге аз? -дегенге үңілмесек, болмайды. Иә, себептері жайлы хабарымыз бар. Бірақ «тетіктер» дұрыс орналаспаған, бәсеке жоқ, коррупция, тағысын тағы... Қиюы қиыспай жатыр... 

Нидерланды озық технологияларға арқа сүйеп, озып шыққан елдердің бірі. Көрмедегі павильонының комиссары айтқан сөздер ондыққа тиген сөздер. «Тамаша өтіп жатыр», «Астана ұнап жатыр» деген әдетте айтылатын «сыпайы» әңгіме емес. Ханс Дриссер, өздерінің «құрсауда» ненің арқасында қалмағандарынойлау образымен байланыстырады - голандияша ойламағанда, еліміздің тыныс-тіршілігі ауырлау болар еді, - деді.

Ханс Дриссер, EXPO көрмесіндегі Нидерланды павильонының коммисары:

¤

Біздің қойылымның басты идеясы - Голандияның ойлау жүйесін көрсету. Сан ғасырлар бойы біз креативті болуды үйрендік. Бұл бізге мұхит жүйесімен күресте берілген дағды. Себебі біздің ел мұхит деңгейінен төмен жатыр. Біз су құрсауынан жерімізді аман алып қалдық десек те болады. Есесіне, біз қазір ауыл шарушылығы өнімдерін экспорттауда алдыңғы қатарлы елміз. Сондықтан голландиялық ойлау образы болмағанда, елдің тыныс-тіршілігі де ауырлай түсер еді.

Австрияның ұлттық күнінде 10 ғасырға жуық тарихы бар Әулие Флориан ұлдар хоры Қазақстан гимнін мүлтіксіз орындады.

Ал Австрия павильонын «Болашақтың энергиясы бұл - біз және сіз» деп атаған. Олар адам тікелей өзі шығаратын энергия көзін тиімді пайдалану жобаларын ұсынған. Павильон балалардың ойын алаңына ұқсайды. Мысалға, мына теледидар велосипед педалін қатты айналдырып, энергия өндіргенде қосылады. Австриялықтардың технологиялық жетістіктері ЭКСПО көрмесінің құрылысы кезінде де қолданылған. 380 күн панелі нысандағы жарық пен салқындатқыштың бір бөлігін қамтамасыз етеді. «ЭКСПО Ситидің» су құбыры желісіне өте сапалы шойыннан жасалған 1,5 шақырымдық құбырды да австриялық компания жеткізген.

¤

Рихард Шенц, Австрия экономикалық палатасының вице-президенті:

Отбасылық көрме ретінде жасадық. Мұнан өзге экономикалық бағдарламаға да зор көңіл бөліп отырмыз. Біздің ел қоршаған ортаға зиян тигізер факторлардан құтылу үшін бар жағдайды жасап келе жатыр. Сондықтан жылдың басты көрмесі Қазақстанда өтіп жатқандықтан, жасыл энергетика саласында біз  бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз.

Енді «тоқыма» үшін мынадай мәліметтер: 1971 жылы Австрияның Цвентендорфында атом электр станциясының құрылысы басталады. 1978 жылы іске қосуға аз-ақ қалғанда ұлттық референдум өтіп, ел қарсы болып, құрылысы тоқтатылады. 1985 жылы тіпті демонтаж басталады. Жүздеген миллион доллар жұмсалғанына қарамай... Австрия энергия ресурстарға мұқтаж Еуропаның өзге де елдері сияқты Ресей мен Қазақстаннан мол мұнай сатып алатын. Бірақ экология мен қауіпсіздік үшін АЭС салмады. Сөйтіп жасыл экономикаға бет бұрады. Қазір бұл салада әлемдік лидер. 

Қалпына келетін энергия көздеріне арқа сүйейді: үш жүздей биогазды жылу электр станциялары бар. Айналымы 1 млрд еуродан асатын ағаш жаңқалары мен отын нарығы бар. Сонымен бірге биоотын, күн энергиясын жақсы пайдаланады. Тіпті күн панелдері бойынша сауда 350 млн еуроға жуық. Гидроэнергетика өндіру бойынша айналым 1 млрд еуро. Қойшы, бұл тізім оншақты пункттен тұрады. Ең маңыздысы – бұл салаларды зерттеуге, бар технологияларды дамытуға инвестицияны аямайды. 2013 жылы 9 млрд-тай еуро құйған. 

Дамыған ел болмаса да, баламалы энергия көздеріне ставка жасаған және нәтижесін көріп отырған мемлекеттің бірі – Грузия. Грузия энергетикасының 80 пайызын баламалы қуат көздерінен алады. Бұл елмен жылдан жылға кеміп бара жатқан сауда, «Казтрансгаз Тбилиси» газ тарататын желісіне байланысты дау – ол қазір Лондон арбритажды сотында қаралып жатыр, Грузия президенті Георгий Маргвелашвилидің Астана сапарынан кейін шешіліп, қарым-қатынастардың жаңа парағы ашылады, деген үміт бар. Себебі Каспий арқылы Әзірбайжан, одан әрі Грузия арқылы Түркия, сосын Еуропа нарығына шығу біздің еліміз үшін саясат жағынан да, экономикалық жағынан да аса тиімді дәліз. Елші Ермұхамед Ертісбаев, біздің арнаға келіп, арнайы сұхбат берген. Былай деді: 

Ермұхамед Ертісбаев, Қазақстанның Грузиядағы төтенше және өкілетті елшісі:

Қазақстан үшін Грузия не береді? Түсінесіз бе, Грузия Еуро Одаққа мүше болудың алдында тұр. Грузия азаматтары Еуро Одаққа визасыз барады. Рас, жұмыс іздеп бара алмайды. Бірақ Еуро нарығы оларға ашылған. Грузиндер Еуро Одақпен баж салығынсыз сауда жасай алады. Біздің  шағын және орта бизнеспен айналысатын кәспкерлерге айтатыным, баж салығынсыз 450 млн адам мекендейтін мемлекеттермен қарым-қатынас орнатуға болады! Егер біреудің басына инновациялық идея келіп, грузиндермен бірлесіп кәсіпорын ашса, еуропа нарығын қызықтыратын жақсы бір тауар шығарса мүмкіндіктері артады емес пе?! Грузия солтүстігінде жаңа порт салуды ойластырып жатыр. Біздің бір азаматты кездестіргем, әлгі портқа қажетті бетон шығаратын зауыт саламын, губернаторымен келісіп қойдым дейді. Интернеттен оқып білген. Ырза боласың.