$495.28 €538.32 ₽5.77
×

Биыл балаларға арналған 5 әлемдік кинотуынды қазақша көрсетіледі

AstanaTV
13.03.2025ж. 21:11
74
Биыл балаларға арналған 5 әлемдік кинотуынды қазақша көрсетіледі
Фото: freepik.com

Биыл ел кинотеатрларында «Ақшақар», «Лило мен Стич», «Элио», «Хайуандар шаһары 2», «Аватар: от пен күл» туындылары әлемдік кинокомпаниялардың есебінен қазақша дубляждалып, кішкентай көрермендердің назарына ұсынылады. Соның алғашқысы ертең үлкен Алматыда үлкен эксранға шығады. Бұл туралы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы айтты, деп хабарлайды KAZINFORM.

- Жоспар бойынша 2025 жылы қазақ тіліне аударылған 5 фильм кинотеатрларда көрсетіледі. 20 наурыздан бастап «Ақшақар» анимациялық фильмін ұсынамыз. Кинотеатрларға мамыр айында «Лило мен Стич», сондай-ақ «Элио» анимациялық фильмдері, қарашада «Хайуандар шаһары 2», ал желтоқсанда «Аватар: от пен күл» деген танымал туындылардың қазақша нұсқалары шығады. Мұның бесеуі де балаларға арналған. БАҚ өкілдеріне осы іске атсалысып, қазақтілді аудиторияның белсенділігін арттыруға көмектессеңіздер деген өтініш айтқымыз келеді, - деді ол Kazinform агенттігіне берген сұхбат барысында.

Сондай-ақ, Рауан Кенжеханұлы Disney, Pixar, Sony сияқты компаниялардың туындыларды қазақша дубляждату үшін қалай келіссөз жүргізгендерін де айтты.

- Disney, Pixar, Sony-дің Қазақстандағы өкілі – «Меломан» компаниясымен жұмыс бастаған кезде демеуші іздеп, қазақ тіліне өз қаражатымызға аударамыз деп ойлағанбыз. Естеріңізде болса, оған дейін «Болашақ» қауымдастығы да демеушілердің ақшасына аудартып, дубляждап келді. Өйткені үлкен студиялар жарыққа шыққан фильмді өзі қаржыландыратын тілдердің қатарына қазақ тілін қоспады. Ондай тілдердің саны отыз шақты ғана. Оның бәрі әлемде кең қолданылатын тілдер. Кейбір елдер, мысалы Балтық елдері өз аумағында жұмыс істейтін кинотеатр желілерін мемлекеттік тілде контент көрсетуге міндеттейді. Бізде әлі ондай ереже жоқ. Сондықтан басқа жолын іздедік, - дейді «Қазақ тілі» қоғамының президенті.

Сөз арасында ол аталған компаниялар Қазақстан нарығына қазақ тілді контентті көбірек ұсыну үшін мақсатты қаралым ауқымы кемінде 20 пайыз болу керектігін айтады.

- Келіссөз нәтижесінде студиялар «Меломан» компаниясымен бірге жасаған біздің ұстанымды қабылдады. Демографияның өзгергенін, қазақ тілді аудитория ауқымының өскенін түсіндірдік. Елдегі балалардың төрттен үш бөлігі қазақ тілінде оқып жатыр, олардың үлесі 75 пайыздан асады деген дәйек келтірдік. Олар ойлана келе келісті. Олардың тарапынан бізге қойылған негізгі талап қаралымды көтеру болды. «Аудиторияның кемінде 20 пайызы қазақша фильмді көруі тиіс» деген меже белгіленді. Бұл жоба басталғанға дейін қазақша дубляж жасалған фильмдердің ішінде ең көп қаралым жинағаны «Аватар: Су жолы» еді. Оның көрсеткіші – аудиторияның 5 пайызы. Демек, 5 пайыздан 20 пайызға жеткізу керек болды. Осындай уағдаластықпен бастап кеттік. «Ойжұмбақ 2»-нің қаралымы 12 пайызға жетті. «Моана 2» көрсеткіші одан сәл жоғары болды. Жыл аяғында «Муфаса. Арыстан Патша» туындысы шықты. Оның нақты цифрларын әлі көрген жоқпыз. Бірақ жалпы оны көруге 1,1 млн адам кинотеатрға барған. Бұл – жақсы көрсеткіш. Осындай нәтижелерден кейін әріптестеріміз әлемдік премьераларды қазақша дубляждауды биыл да жалғастырады, - дейді Рауан Кенжеханұлы.