$505.15 €550.31 ₽5.89
×

Түркиядағы бірнеше ауыл алты айға карантинге жабылды

AstanaTV
14.03.2025ж. 07:08
90
Түркиядағы бірнеше ауыл алты айға карантинге жабылды
Фото: milliyet.com.tr

Түркияның оңтүстік-шығысындағы Адыяман провинциясында орналасқан бірнеше ауыл алты айға карантинге жабылды. Бұл шешім иттерден құтыру инфекциясы анықталғаннан кейін қабылданды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Жергілікті билік қауіпті аурудың жануарлар мен адамдарға таралуын болдырмас үшін елді мекендерді оқшаулау туралы шешім қабылдады.

Ақпан айының соңында Көсекелі аймағында құтыруға шалдыққан ит тіркелді. Осыдан кейін жергілікті санитарлық қызметтер қажетті зерттеулер мен зертханалық сынақтар жүргізіп, құтыру вирусының бар екенін растады. Ит дереу оқшауланып, билік қосымша эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын қабылдай бастады.

Карантин аясында ауылдарда барлық үй жануарларына қатаң тексеру жүргізіліп, азаматтарға, әсіресе үй жануарларының иелеріне құтыруға қарсы вакцинация жасалады. Аурудың одан әрі таралуын болдырмау үшін елді мекендерде санитарлық шаралар күшейтіледі.

Тұрғындардың қозғалысы мен көлік қозғалысына уақытша шектеулер алты айға созылады. Билік карантин режимі инфекция жұқтыру қаупін барынша азайтып, аурудың таралуына жол бермейді деп сендіруде.

Мұндай жағдайлар Түркияның оңтүстік-шығыс бөлігінде жиі кездеседі. Бұған дейін Шанлыурфа провинциясының Сиверек ауданы қаңғыбас иттерден құтыру анықталуына байланысты карантинге жабылғаны хабарланған болатын.