Жол апаттары күнде дерлік болып жатады, күні кеше Алматыда бір қыздың екі аяғын жұлып кетті... Ал жақында Батыс Қазақстан облысында ірі жол апатынан 4 адам опат болып, 10 адам жараланды –әсіресе «Орал-Ақсай» тас жолында жол апаты жиі болады екен. Жүргізушілер «жол нашар» десе, билік көлік жүргізушілерін кінәлайды. Негізі бұл екі фактор «біте қайнасқан». Ауыл, аудандарға адам таситын таксишілер ойқы-шойқы жолдарда жылдамдықты асырады, қарсы бетке шығып кетеді, рульде отырып телефонмен әңгіме-дүкен құрады. Олар тіпті автобус жүргізушілерімен өштеседі екен. Жолаушылар тасымалымен арнайы айналысатын шопырлардың айтуынша, таксишілер автобустардың терезесіне «тасада тұрып тас лақтырып» келген.Түзу жолдар арман жолдар болып тұрғанда – «тақтайдай тегіс жолдар мемлекеті» болуға әлі көп, өте көп уақыт керек екенін біле тұра, көлікті жанталасып айдау ненің салдары, қандай мінез? Еркін Кариннің материалы.
Еркін Карин, тілші:
Шетелде отбасылық көлік саналатын
бұл минивэндер қазір такси жүргізушілері үшін іздегенге сұраған болды. Өйткені
көлемі шағын, сыйымдылығы үлкен, жүрісі жайлы, әрі жанармайды аз жейді.
Сондықтан шаруасы тығыз адамдар осы көлікке көп мінеді. Бірақ дәл осы
асығыстықтың кесірінен тас жолда талай тағдырдың талқаны шықты.
2-маусым күні Орал-Ақсай тас жолының бойында екі минивэн бетпе-бет түйісіп, 10 адам жараланды. Төрт жолаушы бақилық болды. Қос жүргізушінің бірі сол жерде тіл тартпай кеткен. Марқұмның артында әйелі мен бір жасар қызы қалды. Ал опат болғандардың туыстары жүгенсіз кеткен көлік жүргізушілерін тыю керек дейді. Әйтпесе қара жолда қара жамылғандар көбеймесе, азаймайды.
Саясат Әбдіров, Орал қаласының тұрғыны:
Қазір шығып Шарандарға барыңыз. Жап-жас балалар, көздері қып-қызыл болып отыр. Менің естігенім, осыдан шыққаннан басқа шаранмен шыға жарысты дейді. Екі жас бала. 89-жылғы балалар. Жүргізушілік куәлігінде барлық категориясы бар. 89-жылғы балада қайдағы категория? 50-ге келген бізде екі категория, оны да ала алмайсың? Олар оны қайдан алып жатыр? Соны да мұқияттап тыйым салу керек.
Жолаушылардың туыстары марқұмдардың бағалы заттары жоғалғанын айтады. Сырға-сақина секілді құнды бұйымдары із-түзсіз кеткен. Қазір осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалыпты.
Саясат Әбдіров, Орал қаласының тұрғыны:
Ауруханаға келгенше звондап келдік. Әбден келгенде телефоны сөндірілді. Ұялы телефоны жоқ, жанқалтасында ақшасы жоқ. Мынау енді неғылған сұмдық? Өлген кісіні сол жерде тонап алады? Ешкім ештеме білмейді. Біздер білмейміз дейді. Сонда біз кімнен сұраймыз? Өлген кісінің қайғысын кімнен сұрарымызды білмегеніміз аздай, жанқалтасындағы затты таба алмай қалдық.
Марина Рогова, Орал қаласының тұрғыны:
Біз мінген көлік жүргізушісі жол бойы әлдекіммен сөйлесіп келді. Тіпті келе жатқан пойыздың алдынан тоқтамай кесіп өтті. Апат болған кезде жүргізушінің қолында телефон болған-болмағанын айта алмаймын. Көліктің бірнеше рет домалағаны есімде. Ұзаққа созылған меңіреу тыныштықтан есімді жиғанда жерде жатыр екем. Кейін денемнің қатты ауырғанын сездім.
Полицейлер минивэн жүргізушілерінің бірі рөлге ие
бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кеткенін айтады. Ал жүргізушілер мұнымен
келіспейді. Өйткені тозығы жеткен трассада ірілі-ұсақты шұңқыр көп. Шамасы
көлік осы шұңқырдан қашамын деп соғылған, дейді олар.
Қайрат Мұхамбетов, автобус жүргізушісі:
Жол шамалы. Бөрліден Ақсайға дейін жақсы, қалғаны тесік-тесік. Ұнамайды. Одан қашасың, жолдың қарсы бетіне шығасың. Олай болмайды ғой. Жыл сайын жүреміз, жыл сайын тесіктері нән, үлкейе береді. Қазір ол тесіктерді баяғыда жөндеуі керек еді. Бірақ күзде ғана жамайды. Одан не пайда?
Жолаушы тасымалдайтын көліктердің апатқа жиі ұшырайтынын полицейлер де мойындайды. Мәселен, 9 көлік апатының сегізі жолаушы таситын көліктерге қатысты. Қазір бұл көліктер қатаң бақылауға алынып, рұқсат қағаздарының бар-жоғы тексеріле бастады. Бірақ неге екені белгісіз, жолаушылар өздерін тегін апара жатқандай жүргізушілерге жанашырлық танытыпты.
Манарбек Ғабдуллин, БҚО ІІД ЖПБ бастығы:
Тоқтатқан кезде, жолаушылардан сұраған кезде өздері де айтады. Бұл біздің туысымыз немесе досымыз, танысымыз. Өзіміз мана сұрадық. Баратын жерге бізді апарып тастайды. Ешқандай жолақысын төлеген жоқпыз дейді. Соның салдарынан жолаушыларды заңсыз таситын жүргізушілер жауапкершіліктен босап кетіп жатқан оқиғалар бар.
Бұл сөздің рас екенін біз де растаймыз. Тас жол бойындағы полиция бекетіне барғанбыз, біздің көзімізше жарты сағатта 7-8 көлік тоқтатылды. Соның барлығында да жолаушылар жүргізушіні жақтап шыға келді.
Жыл басынан бері Оралда болған 124 жол апаты кезінде 17 адам қаза тапқан. Тағы 150 адам жарақат алған. Мұндай оқиғалар «Орал-Аксай», «Орал -Атырау» және «Орал-Ақтөбе» бағытындағы күре жолдарда болады. Полиция осы жолдарды торып, тәртіпті бақылағанымен, апаттың алдын алу, ереже бұзған желөкпелерді жазалау оңай емес.
Манарбек Ғабдуллин, БҚО ІІД ЖПБ бастығы:
Ондай жағдайда жауапкершілікке тарту үшін дәлел болуы керек. Жалғыз біздің инспектор өзі көріп тұрған нәрсесімен хаттама толтырып, оны жауапкершілікке тарту өте қиын. Сондықтан бұл жерде мысалы, азаматтық парызым деп санап, қоғам болып күресетін болсақ мұндай келеңсіз жағдайларды тоқтатуға болады.
Жыл басынан бері заңсыз жолаушы тасыған 300 жүргізуші анықталған. Олар көлік рөлінде телефонмен сөйлесіп, темекі тартқаны үшін, жолаушыны артық тиегені үшін жазаланыпты. Бұл кәсіппен айналысу үшін олардың құжаттары заңға сай, ал көлігінің техникалық ахуалы дұрыс болуы тиіс. Ал ең бастысы, өзінің саулығын күнделікті тексертуі керек.
Нұрым Исағалиев, автобус жүргізушісі:
Бұрын таксистер біздің автобустарды жүргізбейтін. Адамдарымызды отырғызып алады деп, жолда кетіп бара жатқанда алдымызды кесіп, тас лақтырып, талай рет тереземізді сындырды. Тіпті өртеп жібере жаздаған. Үлкен автобустың терезесі қымбат, басқа жақтан тек тапсырыспен алдырамыз. Қазір құдайға шүкір, тынышталды.
Автобус жүргізушілері таксистерден көрген жәбірін айтып тауыса алар емес. Өйткені жылдар бойы жолаушы тасымалымен айналысып қалған жеке таксистер өз олжасына ешкімді ортақтастырғысы келмейді. Ал кәсіпкер үшін автобустың бос қайтқаны – үлкен шығын. Дегенмен, соңғы қайғылы жағдайдан үріккен адамдар үлкендеу көлікке мінетін болған. Қазір минивэндердің жолаушылары күрт азайып, көбісі автобустарға ойысыпты.
Камилла Қуан, кәсіпкер:
Автобус механиктен өтеді, жүргізуші медициналық тексеруден өтеді. Автобустың іші кең, ыңғайлы. Адамдар шалқайып барып, шалқайып келеді. Енді қазіргі уақытта біз Шарандардың кесірінен жол ақысын көтере алмай отырмыз. 800-ден жүруіміз керек. Өзіңіз білетіндей, жанармай мен қосалқы бөлшектер қымбат. Бірақ соған қарамастан, 600-ден жүріп жатырмыз. 50 пайыз шығын шегеміз.
Қарапайым жұрт «Шаран» деп кеткен минивэн тектес машиналардың жүргізушілері қазір камераны көрсе бас сауғалайтын болған. Бірақ олардың да уәжі бар. Бала-шағасын асырап, несие төлеп жүргенін алға тосады. Алайда адам өмірінен артық ешнәрсе жоқ екенін мойындамайтындары, тасыған адамдарының әрқайсысы үшін жауапкершілік арқалайтындарын түсінбейтіндері - жаман.
Тимур Мұхамбетжанов, автобус жүргізушісі:
Сөздің шыны керек, халықты тасып жүргесін бірінші орында адамның өмірі
тұруы керек. Сондықтан кез-келген жүргізуші отырған жолаушылардың өміріне жауап
беруі керек. Олай қатты айдауға болмайды. Енді халық өзі шешеді. Мен оларға
айта алмаймын, шаранға бармаңдар, әлде автобусқа бармаңдар деп олай айта
алмаймын. Әрбір адам өзіне жауап береді.
Кезінде
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем бойынша жол апаттары құрбандарының
санын 3 есеге кемітуді ұсыныпты. Бірақ жолда жазым болғандарды бірден 3 есеге
азайту Қазақстан үшін қаншалықты мүмкін? Деректерге сүйенсек, елімізде бір жылда болатын 25
мыңға тарта көлік апатынан 2-3 мың жуық адам бақилық болады екен. Сапарға
аттанған адамның, мейлі жүргізуші, мейлі жолаушы болсын, мұраты - жету, жеткенде де, аман-сау жету
екенін білеміз. Бірақ "ұмытып" кете береміз. Апаттар бірінші кезекте
ойқы-шойқы жолдардың кесірінен деген аргументті ең басты аргумент деп
есептегеннің өзінде, ондай жолдардың оңайшылықпен жөнделмейтінін білеміз,
ендеше неге қайғымен аяқталатын
"бәйгелерді" қоймаймыз?
Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің Уақыт».