EXPO көрмесіне орай Астананың ажарланып жатқаны шын. Шағын архитектуралық шешімдер дейді - мүсіндер, инсталляциялар ерекше сәнделген, көзді жандырып, қызықтай бергің келетін үй ішін елестеді. Ал үйдің әрін ашатын сувенир, басқа да бұйымдар жасайтын қолөнер шеберлерінің жадырап қалғаны жақсы болды. Саудасы қызып жатыр. Ас-ауқаттың бағасына байланысты реніш, наразылық – әр түрлі қалта – әр түрлі қаржылық жағдайға байланысты әрине, заңдылық. Ақылға сыймайтын тұстары болса, әрине, адвокат емеспіз. Айбек Қосанның қала көшелерінен репортажы.
Айбек Қосан, тілші:
Еліміздегі ең елеулі оқиғалардың бірі – ЭКСПО Астананы көріктендіруге ықпалдасқаны рас. Шаһардың тек сол жағалауы ғана емес, оң бөлігінде де көз тартар дүниелер көбейген. Бір-екі айдың ішінде Сарыарқа ауданының өзінде 100-ге тарта көркем инсталляциялар орнатылыпты. Солардың бірі – «Саяхатшы» мүсіні.
Бруно Каталано стиліндегі жасалған бұл инсталляцияның өзіндік мағынасы бар. Тұтас мүсінделмеген адам әлем шарлап, жаңалыққа, білімге қанығуға ұмтылған саяхатшыны бейнелейді. Сарыарқа мен Абай көшелерінің қиылысындағы аялы алақан да көпшіліктің қызыға қарайтын дүниесі. Идея - табиғатты қорғауға шақыру екені айтпаса да, түсінікті. Сонымен қатар, жасыл желекке оранған музыканттар, тобымен Экспо-ға бағыт алған ұлулар, түрлі жануарлардың бейнелері де қаланы түрлендіре түскен. Елорданы аралап жүріп, кезекті мүсіннің орнатылып жатқанына куә болдық. Күн сайын жаңа дүниені ашып жүрген «сиқыршы» жігіттер сөзге шорқақ болғанымен, ісіне адал, әрі жауапты екен. Ал жағалаудағы мүсіндер «жұлдызға» айналған ба?- дерсің. Себебі, келген адамның барлығы олармен фотоға түседі.
Қарлығаш Мырзабекова, Алматы қаласының тұрғыны:
Алматыдан келіп жатырмыз. Мына Экспо жүріп жатыр. Соны көруге немерелеріммен, бала-шағаммен келіп қазір мына жағалауда қыдырып жүрміз. Елбасыға өте ризамыз. Осындай көрікті қала тұрғызғанына. Түрлі-түрлі дүниелер. Мына қаланың соншалықты көркемдігіне қызығып жатырмыз. Мынадай жақсы дүниелер көріп жатырмыз.
Айбек Қосан, тілші:
Астанадағы айтулы оқиғалардың бірі – арбаттың ашылуы екені сөзсіз. Қолөнершілердің еңбектерін қала тұрғындары мен қонақтары енді осы жерден таба алады. Әсіресе, туристердің қызығушылығы жоғары.
Күнделікті саудасы қызып, жасаған дүниесі жоғары бағаланатындардың бірі - Бекжан Әлиев. Бір қызығы, Бекжанның әулеті түгел шеберлер. Атадан балаға мирас болған ұлттық өнерді дамыту мақсатында 24 жыл бұрын «Шертер» атты шеберхана ашыпты. Туристердің қазақы колоритке бай дүниелерді алып жатқаны қуантады, олар өнерді шынайы бағалай біледі,-дейді ол.
Бекжан Әлиев, шебер:
Шетелдіктер өте қатты қызығады, біздің мынау қолөнер бұйым жасағандықтан. Өз қолымызбен жасап жатқанымыздықтан бағалайды. Ұлттық саз аспаптар, табиғи ағаштан, теріден жасап жатырмыз. Олар көбіне домбыра алып жатыр. Сувенирлер де жақсы алады, ол кісілер. Керемет дүние ретінде қабылдап жатыр. Ойнай алмаса да бұл асаптарда, керемет дүние екенін бағалап, аспаптарды алып жатыр.
Айбек Қосан, тілші:
Қонағын сыйлап, «төрге шық» - дейтін біз үшін меймандардың көңілі ас-ауқаттан қалмағаны маңызды. Әрине, қаншама талғам бар. Оның үстіне, қаржылық мүмкіндіктері әр түрлі адамдардың бәрі бірдей қанағаттанбайтыны заңдылық.
Мұны білмек болып, қаладағы мейрамханалардың біріне бас сұқтық. Қытай асын ұсынатын орталықтан әрине, туристерді кезіктірдік. Ёшин Вонг отбасымен Астанаға ЭКСПО аясында өтіп жатқан Чайковский атындағы жастар конкурсына келген. 20 мемлекеттен жиналған 120 орындаушының қатарына ол да ілігіпті. Мұндай мүмкіндіктің бұйырғанына қуанышты екенін айтады.
Ёшин Вонг, Қытай азаматы:
Біз кеше келдік. Мен Чайковский атындағы конкурсқа қатысамын. Бұл мен үшін зор мүмкіндік әрі тәжірибе. Мұнда бәрі жақсы. Адамдары ашық-жарқын. Бір нәрсе сұрасаң, айтып, көрсетіп, тіпті жеткізіп тастауға дайын. Тамақтану жағынан қиналып жатқан жоқпыз. Себебі, бұл жақтың қонақжайлылығы мен ас әзірлеуі жоғары дәрежеде екен. Біз барып үлгерген жерлердің бірі ол - «Астана Опера». Маған ерекше әсер етті. Үлкен, әрі әдемі.
Кәсіпкер Азамат Сәрсенбаев мейрамханасының дизайнын өзгертіп, мәзірді жаңартып, тағамдардың атауын үш тілде жазған, тіпті суретіне дейін салдырыпты. Бұл жердің дәмін татуға Қытайдан, Моңғолиядан, Англиядан келген туристер әуес. Азамат мәзірді түрлендірсек те, бағаға тиіспедік, -дейді. Асың адал, әрі дәмді болса, қонақтардың өздері-ақ ағылатынына сенімді.
Азамат Сәрсенбаев, кәсіпкер:
Бір күнде 50 кей күндері 100-ге дейін түседі. Яғни алдын ала тапсырыс береді ол кісілер. Көрме қарсаңында бағалар еш өзгерген жоқ. Бағамыз өте ыңғайлы. Біздің Қазақстан халқына да және сырттан келіп жатқан Қытай, моңғол азаматтарына да. Бүкіл біздің даяшылар курс өткен, ағылшын тілінен. Мұны біз әдейі жасадық. Себебі, туристер келгенде ағылшынша сөйлейді.
Айбек Қосан, тілші:
ЭКСПО-ң басталғаны кеше ғана. Халықаралық шараның алғашқы аптасы жаман өтпеген сияқты. Көрменің әлі 3 айға жуық жалғасатынын ескерсек, жүректі шуаққа бөлейтін дүниелер көп болатынына күмән жоқ. Ал бастысы сана сілкінісіне апаратын шара болатынынан үміттіміз.
Айбек Қосан, Еркебұлан
Кенжеғұлов «Біздің уақыт».