$499.04 €544.45 ₽5.96
×

Астанадағы Достық үйінде этномәдени бірлестіктер өкілдері "Көрісу күнін" атап өтті

14.03.2025ж. 20:00
108
Астанадағы Достық үйінде этномәдени бірлестіктер өкілдері "Көрісу күнін" атап өтті

Амал мерекесі – Қазақстанды мекен еткен барша ұлтқа ортақ мейрам. Қыстан аман-есен шығып, қуанып, құшақтасып көрісуді білдірген бұл күннің маңыздылығы кеңінен насихатталуда. Қазақстан халқы Ассамблеясы да ерекше мейрамнан шет қалмады. Аналар кеңесі мен ақсақалдар алқасымен бірге этномәдени бірлестік мүшелері  Әз-наурыз онкүндігіне жол ашты.

Әз-наурыздың келгенін  білдіретін онкүндіктің басы – Көрісу күнін қазақ халқымен бірге өзге ұлттар да атап өтеді. Достық үйіндегі 23 этномәдени бірлестік өкілдері  дәстүрге сәйкес бір-бірімен құшақтасып, көрісті.

АЛТЫНАЙ ТӘҢІРБЕРГЕНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ҚХА «АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ» ТӨРАЙЫМЫ:

Бүгін мына шаңырақтың астында өзге ұлт өкілдері, біздің қонақтарымыз, қала тұрғындары осы дәстүрге қатысып жатыр. Ең бастысы – қыстан аман-сау шықтық. Бір-бірімізді көрдік. Бір-бірімізге кешіріммен қарап, қол ұстасып, бір-бірімізді қарсы алып отырмыз.


Бұл мерекенің ерекше бөлігі – әр халықтың асханасымен танысу. Этномәдени бірлестіктер ізгі мерекеге өз үлестерін қосу үшін ұлттық тағамдарын дайындап келген. Ұлтаралық достықты сақтап, нығайту үшін бар күшімізді саламыз деген ұлт пен ұлыс өкілдері дастарханды жайнатып қана қоймай, ән салып, би биледі.

САЙЯФ ИСМАИЛОВ, "ХАЗАР" ӘЗЕРБАЙЖАН ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ МҮШЕСІ:

Бүгін біз бір шаңырақ астында, барлығымыз бірге «Көрісу күнін» атап өтіп жатырмыз. Қазақстан – барлығымыздың ортақ еліміз. Әзербайжан халқы үшін де Наурыз дәстүрлі, жалпыұлттық мереке. Сондықтан, біз де Ұлыстың Ұлы күнін тойлаудан шет қалмаймыз.


Достық үйіндегі бірлестіктер тек Көрісу күнімен шектеліп қалмақ емес. Наурызнамадағы әр күнді ескеріп, атап өтпек.