Астанада жыл басынан бері 206 өрт оқиғасы болды. Абырой болғанда көз жұмғандар жоқ. Бүгінде елорда маңындағы елдімекендердің тұрғындарына өрт қауіпсіздігін сақтау ережелері түсіндірілуде. Сондай-ақ газдан уланудың алдын алу шаралары күнделікті ұйымдастырылып келеді.
Жуырда Астана маңындағы Пригородный елдімекенінде бір отбасының мүшелері газдан уланып, ауруханаға түскен. Олар улы газды анықтайтын құрылғының арқасында жедел әрекет етіп, аман қалды. Қазір отбасы мүшелері үйлеріне оралған.
АЗАМАТ ОРАЛ, ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ТЖ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Жылдың басынан Астана қаласы бойынша 206 өрт оқиғасы болды. Оның 47-і осындай тұрғын үй алаптарында болған. Сол оқиғада 4 адам зардап шекті.
Қазір жер үйлердегі тұрғындардың қауіпсіздігі үшін датчиктер орнатылып жатыр. Былтыр тамыз айынан басталған игі іс биыл сәуірге дейін жалғаспақ. Бүгінге дейін Есіл ауданына қарасты төтеншеліктер арнайы құрылғыны 6 елдімекендегі 63 көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың шаңырағына бекіткен.
АЛМАС СҮЛЕЙМЕНОВ, ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ТЖ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Өрт қауіпсіздігін сақтамау ол жұрттар пештің маңайына отын, ағаш кептіріп қояды. Тез жанып кететін заттарды қойып қояды. Ол жақын тұрғаннан кейін, күн аяздарда пешті көбірек жағады, қызу көп шығады. Сол кезде жақын тұрған заттардан тұтанып жанып кетуі мүмкін.
Ауыл тұрғындары төтеншеліктердің игі ісіне риза болып, алғысын жаудырды. Олар арнайы құрылғы түн тыныштығын сыйлайтынына сенімді.
МОЛДАЛЫ ДӘРМЕНШИЕВ, ТҰРҒЫН:
Көмір жағамыз. Баллонмен отырғаннан кейін резинасынан түнде иіс шығып қалуы мүмкін, мысалға. Содан қорқып отыратын едік. Жаңағы аппараты жақсы екен. Звук беріп, көп жәрдем болатын болды негізі.
Есіл ауданы бойынша 7 мың жеке тұрғын үй бар. Төтенше жағдайлар басқармасының 7 қызметкері күн сайын 70 үйді аралап, өрт пен газдан уланудың алдын алу түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.