Армения мен Әзербайжан бейбіт келісімге келді. Осылайша бірнеше қарулы қақтығыстарға ұласқан дауға нүкте қоймақ. Путиннің де әбден мазасы кетті. Ары ойланып, бері ойланып ақыры соғысты тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді. Бірақ мұны әлі де талқылау керектігін айтты. Ол қандай шарт қойып отыр? Әлемнің ең өзекті жаңалықтарымен Мөлдір Жақан таныстырады.
Қайырлы кеш, құрметті көрермен! Эфирде «Жер-жаһан» айдары.
АҚШ Президентінің Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткофф басқарған делегация келіссөздер жүргізу үшін Мәскеуге барды. Мақсат - Кремльге 30 күнге атысты тоқтату ұсынысын жеткізу. Путин соғысты тоқтатуға дайын екенін айтты. Бірақ бірнеше шарт қойды. Оның сөзінше, соғысты уақытша тоқтату ұзақмерзімді бейбітшілікке әкеліп, жанжалдың алғашқы себептерін жоюға бағытталуы тиіс. Айта кету керек, ресейлік әскерилер Курск облысындағы Суджи қаласын толық өз бақылауына алған. Қазір аймақтан украин әскерлерін шығару операциясы қарқынды жүріп жатыр.
ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ең алдымен, АҚШ Президенті Трамп мырзаға Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесіне көп көңіл бөліп жатқаны үшін алғысымды білдіремін. Біз бұл қақтығысты бейбіт жолмен тоқтату идеясын қолдаймыз. Алайда, соғысты 30 күнге тоқтатсақ, Курск облысындағы учаске не болмақ? Ондағы адамдарды жібере салуымыз керек пе? Бейбіт тұрғындарға қатысты көптеген қылмысқа барғандарды оп-оңай босата саламыз ба? Немесе украиндықтар өз еркімен тұтқынға берілуі керек. Осы жағы түсініксіз. Мұны жан-жақты талқылауымыз керек.
Әрине, Путиннің бұл сөздері Зеленскийдің көңілінен шықпады.
ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
Путиннің сөздері манипуляцияға толы. Ол Трампқа соғысты жалғастырғысы келетінін, украиндарды әрі қарай да өлтіргісі келетінін ашық айтудан қорқады. Біз жағдайды қиындататын шарттарды қоймаймыз. Мұны жасап жатқан – Ресей. Өйткені оларға соғыс керек.
Ресей мен Украина соғысты тоқтату идеясын сағызша созып жүргенде, Армения мен Әзірбайжан ақыры бейбіт келісімге келді. Екі ел арасындағы 40 жылға жалғасқан аумақтық жанжалға нүкте қойылды. Армения келісім мәтінінің қалған екі тармағын қабылдағаны туралы хабарлады. Бұл - халықаралық соттарда өзара талап қоюдан бас тарту және шекарада үшінші күштерді орналастырмау туралы баптар. Енді Әзербайжан тарапы Арменияның Конституцияға түзетулер енгізгенін күтіп отыр.
ИЛЬХАМ ӘЛИЕВ, ӘЗЕРБАЙЖАН ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан Оңтүстік Кавказда бейбітшілік орнатуымыз қажет. Армения Конституциясында Әзірбайжанға ешқандай аумақтық талаптар қалмауы тиіс.
Ал Ұлыбританиядағы Виндзор сарайында азан шақырылып, ауызашар берілді. Мемлекет басшыларын қабылдауға арналған ғимарат қабырғасында 350-ден астам адам жиналды. Келушілер өз көздеріне өздері сенбейтіндерін жарыса жеткізді. Өйткені мұндай шара Виндзор сарайында соңғы мыңжылдықта алғаш рет өтіп отыр.
Құрметті көрермен, мендегі ақпарат осы. Әлемде тек бейбітшілік болсын! Амандықта жүздескенше!