$505.15 €550.31 ₽5.89
×

Бүгін жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі басталды

14.03.2025ж. 20:00
371
Бүгін жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі басталды

Бүгін жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі басталды. Әр күн қазақ халқының мәдениеті мен байлығын көрсететін белгілі бір тақырып пен құндылықтарға арналады. Мұндай формат былтырдан басталған. Жалпы, мерекенің мәні неде? Наурыз қарсаңында қандай іс-шаралар болады? Әріптесім толықтырсын.

Наурызды жыл басы дейміз. Бірақ бұған дейін мерекені әр аймақ әртүрлі уақытта қарсы алып келді. Батыстықтар 14-інен бастап думандатса,  Шығыс халқы 21-і күні тойлады. Ал өзге өңірлер 22-сін күтетін. Бірізділіктің жоқтығы талай рет айтылып, тарихшы, мәдениеттанушылар мәселені жылда көтеретін. Кейін Президент нақты тұжырымдама дайындауды жүктеді. Нәтижесінде, былтыр Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі, сондай-ақ мерекенің жаңа логотипі бекітілді.

ҮНЗИЛА ШАПАҚ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Соңғы кездері байқасаңыздар, қоғамда ұлттық құндылықтарға деген қызығушылық бар. Жастарымыз белгілі деңгейде бұрыннан келе жатқан дәстүрлеріміздің жаңғырғанын негізінен қалайды. Бірақ кезіндегі емес, жаңа форматта беріп жатыр. 10 күнге атау беріп, 10 күн дайындық болып, сосын Наурызды қарсы алғанымыз бұл өте орынды деп санаймын.


«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып». Абайдың осы сөзін естігенде ойға еріксіз Наурыз түседі. Бұл мереке иісі мұсылманға ортақ. Әр ел мейрамды өзінше атап өтеді. Мәселен, Иран халқы 13 күн бойы тойлайды. Онда да біз секілді әр күнге атау беріп, ерекше қарсы алады. Біз атап өтетін жаңару, тазалық, көрісу бұл жұртқа таңсық емес.

АЛИ АКБАР ТАЛЕБИ МАТИН, ИРАННЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МӘДЕНИ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСШІСІ:

Иранда наурыз мерекесінде ресми түрде күнтізбе келесі жылға ауысады. Біз сіздер секілді бірнеше күн бойы мерекені атап өтеміз. Сіздерде 10 күн болса, бізде 13 күн. Хафтин дастарханы – Ирандағы наурыздың басты элементі. Жалпы, екі ел де мерекеге ерекше дайындалады. Қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын!


Наурызнама – мыңжылдықтардан бастау алатын халқымыздың мәдени мұрасы. Былтыр 800-ден астам іс-шара, оның ішінде көрме, фестиваль, әдеби-музыкалық кештер мен қайырымдылық акциялары, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Биыл да дайындық қарқынды. Мың жарымнан аса іс-шара өткізу жоспарланған. Астанада «Қамажай» флешмобы, Ақтөбеде «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» атты мерекелік шеру, Ақмола облысында қолданбалы өнер шеберлерінің қатысуымен «Наурыз – Арбат» жобасы, Көкшетауда мыңнан астам әйел қатысатын «Кимешектер шеруі» өтеді.

ӨТЕГЕН ИСЕНОВ, ТАРИХШЫ:

Жылдың басын жаңа жыл деп қарсы алған жерде көрісу дейді амал дейді.Ұлыстың ұлы күні дейді. Сосын бұны тек ғана көрісіп ғана қоймаған, бұл жерде қол алысады.Төс қағысады.қазақтың, мұсылманның дәстүрінде қол алысқанда менің қолымда қару жоқ. Менің саған жамандығым жоқ деген сөз. Төс қағыстырады. Жүрекке –жүрек тигізеді.Жақындатады. Бұл сонда баурымалдық ғой.


Жыл басы табиғаттың да, жан-дүниенің де тазару кезеңі. Қыстан есен-аман шыққан жұртшылық айналасын күл-қоқыстан тазартып, қыстан қалған сүр етті қазанға салған. Расымен, наурыз – берекенің бастауы. Жаңару күні, жаңғыру сәті... Өткенді ой електен өткізіп, болашаққа нық қадам басатын кезең. Жаманды ұмытып, жақсылыққа ұмтылатын мезет.