Шығыс Қазақстан облысында жылдамдықты 13 рет асырып, айыппұлдарын төлемей келген жүргізуші астындағы көлігінен айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыста жол-көлік оқиғаларының алдын алу, апаттылық қаупін азайту және төленбеген айыппұлдарды өндіру мақсатында «Борышкер» жедел профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Операцияның алғашқы күнінде-ақ, айыппұлдарын уақытында төлемеген 13 жүргізушінің көлігі арнайы тұраққа қойылған.
«Жақында облыс орталығында сондай бір жағдай орын алған болатын. Полиция қызметкерлері 22 жастағы жергілікті тұрғынды тоқтатып, оны тексеру барысында 160 мың теңге көлемінде 13 төленбеген айыппұлы бары анықталды. Барлық құқық бұзушылықтар жылдамдықты асырумен байланысты және «Мерген» автоматтандырылған кешені арқылы тіркелген. Нәтижесінде оның көлігі қарызы толық өтелгенше айыппұл тұрағына қойылды.
ШҚО полициясы айыппұлды 7 жұмыс күні ішінде 50% жеңілдікпен төлеуге болатынын еске салады. Егер аталған мерзім өтіп кетсе, толық соманы 30 күн ішінде ерікті түрде өтеу мүмкіндігі бар. Белгіленген уақыттан кейін қаулы жеке сот орындаушыларына беріледі, ал өндіріп алу мәжбүрлі түрде жүзеге асырылады», - делінген хабарламада.