$505.15 €550.31 ₽5.89
×

Бүгін - Шаңырақ күні

AstanaTV
16.03.2025ж. 09:04
88
Бүгін - Шаңырақ күні
Коллаж: Kazinform

Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасына сай атаулы әр күн ұлттық болмысты дәріптеуге, бүгінгі құндылықтарды қалыптастыруға септесіп келеді. Әсіресе, «Шаңырақ күні» аясында насихатталатын көзқарас халықтың келешек ұстанымын жаңа бағытқа бұрады, деп хабарлайды Astana TV.

Қазақ ұғымында «шаңырақ» сөзінің символдық мәні бар. Ата-бабалар айналадағы әр заттан пәлсапалық ой іздеп, өмір салтымен байланыстыруға күш салды. Шаңырақты да киелі деңгейге көтеруі тегін емес. Себебі қасиетті сөз көшпенділердің тұрмыс-тіршілігі, таным-түсінігінен туған: киіз үйдің шаңырағы іргені нығайтып, үй ішіне сәуле түсіреді. Оған қоса тәуелсіз әрі дербестіктің үлгісі ретінде қабылданып, жеке шыққан некелі жастарды «шаңырақ көтерді» деп дәріптеді. Бұл есеппен алсақ, шаңырақ көк аспан күмбезі, меншік белгісі, қауіпсіздік кепілі әрі ұрпақтар сабақтастығы ретінде қабылданғанын көреміз. Демек, «Шаңырақ күні» – жекелеген отбасының ғана емес, тұтас ұлтты біріктіру белгісі.

Қазір де мағына аласарған жоқ. Қоғам жанұя болмысы мен егемендікті шаңырақтан іздейді. Мемлекет сапалы ұлт қалыптастыру жолында татулық, тілеулестік секілді қасиеттерді отбасы институты арқылы сіңіруге тырысып жатыр. Наурызнама онкүндігінде осы көзқарас қалыс емес. «Шаңырақ күнінде» туыстық қатынасты нығайтуға арналған шаралар ұйымтастырылып, отбасы құндылығы баса айтылуда.

2021 жылғы Ұлттық халық санағындағы дерекке сенсек, елдегі отбасы саны 5,5 миллионға жетті. Кейінгі 10 жылдағы өсім 1,1 миллионды құраған. Ажырасу деңгейі 5 жылда 48,6% азайды. Ақпар жастар арасында отбасылық қарым-қатынастың маңызы едәуір артқанын көрсетсе керек.

Ендігі мәселе «үй ішіндегі тұрақтылықты қалай сақтаймыз?», «ұлттық тәрбиені ілгерілетудің жолы қайсы?» деген сауалдардан туындамақ. Бұл орайда әлеуметтанушылар алдымен ер мен әйелдің рөлі мен тәрбие құралына баса назар аударуды ұсынады. Себебі отбасы институтының тірегі ерлі-зайыптылардың қарым-қатынастағы көзқарасынан, олардың балаларға берген тәрбиесінен туындайды деп отыр.